Алакөлге дейін Embraer типті үлкен ұшақтар ұшатын болады – ШҚО әкімдігі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Алакөлге дейін Embraer типті үлкен ұшақтар ұшатын болады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұшып-қону жолағы қайта жаңартылғаннан кейін Үржар әуежайы орта қашықтықтағы ұшақтарды, соның ішінде жақын шет елдерден келетін ұшақтарды қабылдай алатын болады.

Әкім Шығыс Қазақстан табиғи және мәдени көрікті жерлері мен сауықтыру демалыс орындар саны бойынша жетекші өңірлердің бірі екенін атап өтті. Сондықтан, аймақтағы туризмді дамыту ең маңызды мәселе ретінде күн тәртібінен түспейді.

«Біздің облыстың інжу-маржаны – Алакөл. Қазір онда су түбін тазарту жұмыстары жүргізіліп, құтқарушылар мен полиция кезекшілік етуде. Осы маусымда 163 қонақүй мен демалыс базасы демалушыларға қызмет көрсететін болады. Олардың 94-і ASHYQ жүйесін қосқан. 900 қызметкердің 80% коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Өткен жылдағыдай Алакөлді COVID-19-дан таза аймаққа айналдырғымыз келеді. Естеріңізге сала кетейін, 2020 жылы жағалауда бірде-бір инфекция тіркелген жоқ», - деді Д.Ахметов.


Сондай-ақ, облыс әкімі атап өткендей, 17 маусымнан бастап Алакөлге дейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей және Өскемен қалаларынан қосымша пойыздар қатынайтын болады. Тасымалдаушы вагондар саны 61-ге дейін көбейтілді, автобустардың да саны артты. Ал, әуежайдағы қайта жөндеу жұмыстары аяқталған соң ұшып-қону жолағының ұзындығы екі шақырымнан асады. Кейін Үржар әуежайы Embraer типті үлкен ұшақтарды да қабылдай алатын болады.


Соңғы жаңалықтар