Алакөлдің жағасында өткен фестивальге 5 мыңнан астам турист жиналды

None
None
ҮРЖАР. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы, Алакөл жағалауында облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен биыл екінші жыл қатарынан «Алакөл алаулары»  атты фестиваль өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шараға 5 мыңнан астам турист қатысты. Оның ішінде Ресей, Қытай, Қырғызстан, Финляндия мемлекеттерінен келген туристер бар. Биылғы жылы демалыс аймағына ауқымды жұмыстар жүргізіліп, жаңартылған жағажай барлық қонақтар мен туристерді таң қалдырды.

Фестивальдің ашылу салтанаты КТК ойынымен басталды. Оған облыстағы қалалар мен аудандардан келген командалар қатысты. Жастар Үржар ауданы әкімінің кубогы үшін бақ сынады. Қазылар алқасының шешімі бойынша Өскемен қаласының «Goold» командасы жеңімпаз атанды. Ал екінші орынды Абай ауданының «Сәлем» құрамасы алса, «Үржар жастары» командасы үздік үштіктің қатарын толықтырды.

Фестивальдің жалғасы Семей қаласы мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. Онда «Тарбағатай жұлдыздары» байқауының жеңімпазы Мағжан Кәкітаев, «Шыңғыстау әуендері - 2017» байқауының бас жүлде иегері Жанболат Шарипов, шоу балет «Эксклюзив», «Самұрық» топтары өнер көрсетті.

Сондай-ақ, фестиваль барысында Шығыс Қазақстан облысының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы туристер арасында Toureast.kz сайтында үздік туристік орталық және Алакөл көлінің жағасында туристерге қызмет көрсететін ең жақсы мейрамхана үшін байқау жариялаған болатын.
Онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша «Алакөл Арасан» демалыс үйі «Ең жақсы демалыс орны - 2018» номинациясы бойынша жеңімпаз атанса,  «2018 жылдың үздік мейрамханасы» номинациясын «Парус» демалыс базасының мейрамханасы жеңіп алды.

Фестиваль соңы керемет отшашумен аяқталды.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамытудың негізгі нысандарының бірі - Алакөл көлінің жағалауы. Соңғы екі жылда облыс бюджетінен жағалауды жақсарту үшін шамамен 6 млрд теңге бөлінді.

null null null

null  

Соңғы жаңалықтар