Алакөлдегі балық шаруашылығының бүгінгі жай-күйі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Қамысқала ауылының тұрғындары балық аулау көлемін көбейтуге рұқсат беруді сұрайды. Олар ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанынан қайта құрылған Балық шаруашылығы комитетіне зор үміт артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ТЫЙЫМДЫ ДҰРЫС САЛУ КЕРЕК...»

Айдынды Алакөл жағасында орналасқан Қамысқала ауылының тұрғындарының негізгі кәсібі – балық шаруашылығы. Бір ғасырдан астам уақытта бұл елді мекенде балықшылардың бірнеше буыны қалыптасқан. Солардың бірі – Нұржан Әрінов. Кезінде Алакөлге атасы да, әкесі де ау салған. Қазір өзімен бірге баласы да – балықшы. Оның айтуынша, бұл жерге оның атасы 1912 жылдары көшіп келген. Содан бері осы балықпен жан бағып отыр.

«Күн көрісіміз осы балықтың арқасында. Алакөлдің жағасында мал ұстамаймыз. Мал ұстайын десең – жер аз. жан-жағы су», - дейді кәсіби балықшы.

Нұржан Әрінов табиғаты қатал Алакөлде мемлекет тарапынан шектеулер көп екенін айтады. Көктемде балық уылдырық шашқанда бұл өңірге 2 ай балық аулауға тыйым салынады. Қыстан әупірімдеп шыққан ауылдағы ағайын үшін бұл ауыр соққы.

«Дұрыс, тыйым салу керек. Бірақ тыйымды мамырдан бастаса... Біз балықшымыз, қашан балық уылдырық шашатынын білеміз ғой. Сазанның уылдырық тастайтын уақыты мамыр айы. Сәуірден бастап, маусымға дейін 50 күн тыйым салады. 50 күн бойы балық ауламай жатамыз», - деп ой бөлісті.

БАЛЫҚ АУЛАУҒА ЛИМИТ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

«Балық шаруашылығы комитеті құрылды» дегенде бүкіл Қамысқала ауылы қуанды. Балықшылар мәселесін Үкімет деңгейінде көтеріп, жиі-жиі хат жазып, арыз-шағымын айтып жүрген ардагер балықшы Жайыл Әбдірахманов ендігі үмітіміз осы комитет деп отыр. Себебі шешілмей жатқан мәселе жетіп артылады. Солардың бірі – балық аулау лимиті.

«Алакөлде проблема өте көп. Оның ең үлкені – балықшыларға балық аулауға рұқсат өте аз. Мысалы, былтырғы жылға дейін Алакөл төңірегінде 200-ден аса балықшы болды. Ал аулауға берілетін лимит 300-ақ тонна. 300 тонна балық деген не? Бір балықшыға бір жылда бір жарым тоннадан келеді екен», - дейді Жайыл Әбдірахманов.

«Балықшы көп. Бірақ балық аулайтын учаске аз», - дейді тағы бір ардагер балықшы Төкен Серғазинов. Ол көрші Шығыс Қазақстан облысына тиесілі учаскелер мүлдем бос жатқанын айтады.

«Алматы облысына қарағанда балықшылар жұмыс істейтін учаскелердің көбі Шығыс Қазақстанға қарайды. Оларда тендер өткізіліп жатқан жоқ, учаскелері иесіз. Көбінде тіркеу жоқ. Балықшылардың біраз бөлігі браконьер болып жүр», - деп ойын түйді ауыл ақсақалы.

БАЛЫҚ ӨСІРЕТІН ЖАЛҒЫЗ КӘСІПОРЫН

Алакөлдегі балықшылардың тағы бір өзекті мәселесі – балық қорын көбейтетін инкубаторлық цехтар жоқ. Қазір Алакөл бассейнінде жалғыз ғана кәсіпорын жұмыс істейді. Ол да көктем мен жаз айларында ғана. Бұл цех негізгі басымдықты Алакөлдің брендіне айналған сазан балығына баса назар аударып отыр.

«Алакөл табиғаты» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі сазан шабақтарын өсіруді 2011 жылы қолға алған. Қазір азды-көпті көлге сазан жіберіп, тепе-теңдікті ұстап отыр. «Жылына біз 10 млн-ға жуық шығарамыз. Содан 200-500 мың балықтың шабағын өсіріп, шаруа қожалықтарына бөліп беріп, көлдердегі балықты көбейтіп жатырмыз. Болашақта тағы да балық өсіретін бассейндерді арттырсақ, бұдан да көбірек жіберуге болар еді», - деп отыр бірлестік жетекшісі.

ЗАҢ БҰЗУШЫЛАРҒА ЖАРТЫ МЛН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНҒАН

Алакөлде ауланған балық Еуропаға экспортталып жатыр. Бұл ауыл тұрғындарының маңдай тер еңбегінің жемісі. Алайда бәрінің еңбегін адал деп айтуға келмес, дейді табиғат жанашырлары. Соңғы жылдары кәсіби балықшылар да Қытай елінде өндірілетін, бірақ көптеген елде тыйым салынған ауларды пайдаланады. Ал одан қоршаған ортаға да, балыққа да, айдынды мекендейтін аң-құсқа да зиян көп. Алматы облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы мамандарының мәліметінше жыл басынан бері 55 заңбұзушылық дерегі тіркелген. 4 қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

«Заң бұзушыларға жыл басынан бері 500 мың теңгеден астам айыппұл салынып, 80 мың теңгеге балық ресурстарына залал келтіргені үшін талап арыз жолданған. Және балық аулауға тыйым салынған 5 мың метр балық аулау құралдары жойылған»,- дейді мемлекеттік инспектор Ринат Қумашев.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БҮГІНГІ ЖАҒДАЙЫ

Жалпы Алматы облысы аумағында орналасқан Балқаш – Алакөл бассейнінде бүгінгі таңда балық шаруашылығымен айналысатын 40 субъект бар. Оларға 2020 жылдың 15 ақпанынан 2021 жылдың 1 шілдесі аралығына 7,7 мың тоннадан балық аулау лимиті бекітілген. Облыста 581 кәсіби балықшы және 339 жүзу құралы тіркелген. Балық және балық өнімдерін өңдеумен айналысатын 6 ірі кәсіпорын бар.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанынан Балық шаруашылығы комитеті қайта құрылды. Саланы дамытудың кешенді жоспары бекітіліп, түрлі бағдарламалар қолға алынды. Ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелердің сеңі қозғалып, балықшылар қауымының үміт оты жанғандай.


Соңғы жаңалықтар