Әл-Фарабидің 1150 жылдығы Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында кеңінен атап өтіледі

None
None
НИАМЕЙ. ҚазАқпарат – Ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында кеңінен атап өтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Мәлім етілгендей, биылғы 3-4 сәуірде Нигер Республикасының астанасы Ниамейде «Бейбітшілік пен даму жолында бірлескен күш-жігермен терроризмге қарсы күрес» тақырыбында Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 47-ші сессиясы өтеді. Осы Кеңес отырысына дайындық аясында қазақстандық делегация ағымдағы жылғы 4-11 ақпан аралығында ИЫҰ Бас хатшылығының Жидда қаласындағы штаб-пәтерінде ұйымдастырылған ИЫҰ Экономикалық, мәдени және әлеуметтік мәселелер жөніндегі ислам комиссиясының (IСECS) 43-ші сессиясына және Аға лауазымды тұлғалар (SOM) отырысына қатысты.

Еліміз делегациясын Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі, ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Берік Арын басқарып, оның құрамына ҚР СІМ Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры Ержан Мұқаш және Жидда қаласындағы ҚР Бас консулы Талғат Шалданбай кірді.

«Іс-шаралар барысында саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени мәселелер, сондай-ақ ғылым және технологиялар, денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастық, су ресурстары, климат пен қоршаған ортаның өзгеруі, отбасы мәселелері қарастырылды. Отырыстардың қорытындысы бойынша еліміздің сыртқы саяси бастамаларын одан әрі ілгерілетуге қатысты бірқатар қарарлардың жобалары қолдау тапты. Олардың ішінде, «Исламдық татуласу», Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (АҚИҰ) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметтеріне, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне, Ғылым және технологиялар мен т.б. салалардағы жетекші мұсылман мемлекеттерінің қатысуымен ИЫҰ-15 диалог алаңын құруға қатысты қарарлардың жобалары бар», - делінген ҚР СІМ ақпаратында.

Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның ИЫҰ аясында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын кеңінен атап өту жөніндегі ұсынысын бірауыздан құптады.

Аталған іс-шаралар аясында қазақстандық делегация бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Дакка қаласындағы Ислам технологиялық университетінің проректоры Омар Джахпен болған келіссөздердің нәтижесінде аталған университет алаңында Әбу Наср Әл-Фарабидің өмірі мен қызметіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Түркияның ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Салех Мутлу Шенмен АҚИҰ Бас директоры Е.Байдаулетпен бірлесе өткізген кездесу барысында түрік тарапы 2020 жылы АҚИҰ Бас Ассамблеясының 3-ші отырысын Түркияда өткізуге дайындығын білдірді.


Соңғы жаңалықтар