Әл-Фараби мерейтойы бірқатар елдерде өтіп жатыр – Дархан Қыдырәлі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық Түркі академиясы елордада «Жібек жолындағы өркениеттер үндестігі» атты халықаралық форум өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Академия Президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша, бұл алқалы жиын Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтуі тиіс еді.

«Алайда, жаһанды жайлаған әлемдік пандемиядан жиынды онлайн режімде өткізуге мәжбүр болдық. Соған қарамастан, көптеген халықаралық ұйымдардың жетекшілері мен 30-дан астам елдің танымал ғалымдары қатысып отыр. Фарабтан шыққан ойшылдың мерейлі датасына орай, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Фараби жылы» деп жарияланды. Арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, көптеген жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік комиссия төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев арнайы қатысып отыр», - деді Дархан Қыдырәлі Ұлттық академиялық кітапханада өткен жиынның ашылуында.


Оның айтуынша, Фарабитану зерттеулері, Фарабиға қатысты жиындар пандемияға байланысты онлайн режимде түрлі мемлекеттерде, соның ішінде ислам елдерінде өтіп жатыр.

«Бүгінгі жиынның бір маңызы – Оңтүстік Кореядан бастап, Үндістан, Пәкістан, Қиыр Шығыс, Таяу Шығыс, Еуропа, Африка сынды төрт құрлықтың ғалымдары қатысып отыр. Мұның өзі әл-Фарабидің адамзатқа ортақ және үлкен өркениеттің негізін қалаған тұлға екенін көрсетеді. Баршасы дініне, тіліне қарамастан әл-Фараби ұсынған «Қайырымды қала» және «Адам бақыты» деген үлкен идеяға тіреліп тұр. Қазіргі уақытта бұл өзекті. Сондықтан, кемел кісілік немесе қайырымды қоғам төңірегінде ғалымдар өз ұсыныстарын айтады деп ойлаймын», - дейді Д. Қыдырәлі.


Онлайн режимде жиынға Иран Ислам Республикасының Ғылым, зерттеулер және технология министрі Мансур Голами, ИСЕСКО бас хатшысы Салим әл-Малик, ИЫҰ жанындағы ғылым-технологиялар жөніндегі тұрақты комитет директоры Мухаммед Икбал Чаудари, Түркия Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу және халықаралық ұйымдардың жетекшілері, дипломаттар, белгілі фарабитанушы ғалымдар қатысты.

Сонымен бірге, спикер Халықаралық Түркі академиясының әл-Фараби мерейтойына қатысты қандай шаралар атқарғанын баяндады.


«Түркі академиясына мүше елдерде әл-Фарабиге қатысты біраз шара өтті. Әл-Фарабидің араб тіліндегі классикалық еңбегін орыс және қазақ тілдеріне аударып шықтық. Таяу күндері оның тұсаукесері бөлек өтеді. Сонымен бірге, бірқатар елдерде өтетін жиындарға қатысамыз. Мысалы, Исламабадта және Түркияда үлкен жиын өткелі жатыр. Солардың барлығына академия өз тарапынан қатыса береді. Себебі, әл-Фараби адамзаттық мұсылмандық әлем дегенмен, бірінші кезекте әл-Фарабидің түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы екені белгілі. Сондықтан, Түркі академиясы биылғы әл-Фараби жылында шаралар атқара береді», - деді Дархан Қыдырәлі.

Бұған дейін ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Мемлекеттік хатшысы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев ұлы ойшылдың мерейтойы қалай тойланғанын айтып берген еді.


Соңғы жаңалықтар