Әл-Фараби бейнесі деректі фильм мен кино әлеміне қайта оралды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында: «Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі барша білім саласы қызметкерлерінің бой түзер бағдары болуы тиіс» деді. Яғни, «Әл-Фарабидің сөзі білім қызметкерлерінің бой түзер бағдары» болуы керек. Осы ретте «Серпер» Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, Еуразиялық Дизайнерлер Одағының және Қазақстан Дизайнерлер Одағының толық мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешенінің директоры, Журналистика факультетінің аға оқытушысы, суретші-дизайнер, редактор, режиссер-сценарист, ақпарат саласының үздігі Дәурен Мұхамеджановпен болған онлайн сұхбатты ұсынамыз.

- Дәурен Мақсұтханұлы, даңқты ғалым, ұлтымыздың мақтанышы Әбу Насыр әл-Фарабидің ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан биылғы мерейтойына сіздер қандай тарту жасадыңыздар, әңгімені осыдан бастасақ?

Мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің барлық іс-шараларын емес, тікелей өз салама қатыстысын ғана тарқатып айтып өтейін. Рұқсат болса? Біздің университеттің басшысы көреген кісі ғой, ол биылғы Әл-Фарабидің мерейтойына дайындықты «іштей» ертеден бастап кетіпті. Бұлай деп отырғаным, басында мені қызметке шақырып, тапсырмаларды үйіп-төгіп бергенде, шынын айту керек, абдырап, «мұның бәрін істей аламыз ба?» деп, іштей қорқыныш та болғаны жасырын емес. Ғалым ағамыздың берген басты тапсырмасы, қазір мен басқарып отырған құрылымдық бөлімшені қайта құру болды. «Заманға сай, өзге ірі медиа орталықтар сияқты ірі, халыққа пайдасы зор жобаларды атқаруымыз керек. Сенің қолыңнан келеді, тәжірибең бар» деп, өз ойы мен сенімін жеткізді. Мұндағысы ұлы бабамыздың мерейтойына медиа саласындағы дайындықтың басы екен. Бұл 2015 жылдың күзі болатын. Мені директор етіп тағайындаған сәт. Оған дейін бұл орталықтың аты ғана бар, Журналистика факультетінің бір кафедрасының құрылымдық бөлімшесі ғана еді. Содан телестудия, радиостудия және фотостудияны біріктіріп, ҚазҰУ Телерадиокешені деп атап, Ережесі мен Қызметтік нұсқаулықтарын заңды түрде бекітіп, негізгі жұмысты бастап кеттік.

Ал, Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Түркі бабамыздың 1150 жылдық мерейтойына біздер ресми дайындықты үш жыл бұрын бастадық. Әл-Фарабидің мерейтойын атап өтудің өзі құр даңғаза емес, қоғамға ой салып, жастарға тәлім-тәрбие берерлік мазмұны бар келелі шара болса дедік.Осы мақсатпен университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлының басшылығымен әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай атқарылатын іс-шаралар жоспары жасалынды. Сол жоспар аясында «Әл-Фараби-2020» атты ақпараттық-насихаттық кампанияның тұжырымдамасы әзірленіп, соған сай жұмыстарды қолға алдық. 2017 жылдан университет ұстаздары мен студенттерінің күшімен еліміздегі университеттер тарихында алғаш рет деректі фильмдерді қазақ тіліне дубляждау жұмысы жүзеге аса бастады.

Алғашқы дубляждық жұмысымыз Тұрңғыш Президент–Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында нидерландтық «Walkers Productions» киностудиясының сценаристі Каан Пекердің Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасына шолу жасаған «Әл-Фараби, Екінші Ұстаз» (AL-FARABI, the Second Master) атты деректі фильмі болды. Бұл фильм нидерланд тілінен қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып, дубляждалды. Фильмдегі интервью берген қазақстандық және түркиялық ғалымдар Аристотельден кейінгі Екінші ұстаз атанған Әл-Фараби жайлы соңғы уақытта нақтыланған айғақтармен бөлісетіндіктен құнды деректі туынды деуге болады. Фильм Қазақстан және Еуропа қалаларында түсірілген.


Сенесіз бе, былтырға дейін елімізде Әл-Фараби бабамызға арналған толыққанды көркем фильм демей-ақ қояйын, деректі фильм де болмады. Сол кезде бұл қалай, неге түсірілмеген деген ойға келдік. Архивтерді ақтарсақ, әл-Фараби жайлы Ақжан Машани атамыздың бастамасымен түсірген ақ-қара түсті деректі фильм ғана бар екен. Оның өзі Кеңес заманында ғұламаның 1100 жылдығына арнап дайындалған екен. Болды, басқа жоқ!

Содан 2018 жылы «жоқтан бар» жасайық деп, өзіміздің күшімізбен «Әл-Фараби, Өркениет философы» (Al-Farabi, the Philosopher of Scivilizations) атты қысқаметражды тоғыз жарым минуттық деректі фильмді дайындап шығардық. Ол фильмге «Al-Farabi, The Second Master» деректі фильмінің үзінділері және Кешеннің қорындағы фото-видео материалдар мен www.youtube.com видеохостингінен алынған материалдардың үзінділерін қолдандық. Бұл ағылшын тілінде арнайы дайындаған шағын фильмімізді Нью-Йорктегі БҰҰ Штаб-пәтерінде көрсеттік. Кейіннен оны қазақ және түрік тілдеріне дубляждадық.

Дубляж саласындағы келесі жұмысымыз түрік тіліндегі «Әл-Фараби – Өркениет ойшылы» («Bіr Medeniyet Düşünürü Farabi») атты деректі фильмі болды. Бұл фильм үш бөлімнен тұрады, әр бөлімі жарты сағаттан, жалпы ұзақтығы 80:34 мин. Фильмді 2017-2018 жылдары Түркиялық «MEDAR» халықаралық мәдени зерттеулер орталығы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен бірлесе отырып Қазақстан, Түркия және Еуропа қалаларында түсірген. Фильмдегі интервью берген қазақстандық және Бекир Қарлыға, Мехмет Айдын, Ялшын Тура сынды түркиялық ғалымдар әл-Фараби жайлы өз пікірлерін ғылыми негіздемеге сүйеніп, құнды деректерімен бөлісетіндіктен мазмұнды деректі туынды деуге болады.


- Бұл фильмдермен қазақстандық көрермендер танысты ма? Бұл туындыларды қазақ тілінде интернеттен, ютубтан көре аламыз ба? Жалпы жасалған дүниені көрермен мен оқырманға жеткізу шығармашылық ұжым үшін басты парыз деп білемін.

«Әл-Фараби, Екінші Ұстаз» фильмін «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы 2018 жылы маусым айында өз эфирінен көрсетіп, көрермендер тарапынан жақсы пікірлер естідік. Ал «Әл-Фараби – Өркениет ойшылы» үш бөлімді фильмін былтыр өзіміздің «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының кинозалында алдын ала көрсетілімін жасап, көрермендердің пікірін білдік. Содан биыл, осы жазда «Алматы» телеарнасының эфирінен көрсеттік.

«Әл-Фараби, Өркениет философы» деректі фильмінің ағылшын, қазақ және түрік тіліндегі нұсқаларын өзіміздің AlFarabi TV ютуб арнамыздан көруге болады. Ал, «Әл-Фараби, Екінші Ұстаз» деректі фильмін «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының порталынан көруге болады.

Отандық «Tanaris» кинокомпаниясының директоры, танымал деректі кино режиссері Сергей Азимов ҚазҰУ-дың тапсырысымен 2018-2019 жылдары Қазақстан, Түркия, Мысыр және Сирия елдерінде ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арнап «Ұстаздың оралуы» атты толықметражды деректі фильм түсірді. Бұл деректі фильм қазақша нұсқасынан бөлек орыс және ағылшын тілдеріне де аударылған.

Таяуда біз өзіміздің күшімізбен және ТҮРКІСОЙ кафедрасының көмегімен бұл фильмді түрік тіліне де аударып шықтық. Енді алдағы уақытта араб тіліне де тәржіма жасауды жоспарлап отырмыз. Себебі аталмыш деректі фильмде Әл-Фараби жайлы әңгімелейтін қазақстандық және шетелдік ғалымдар ең соны мәліметтермен бөліседі.


- Еліміздегі бұл бірегей университеттік телерадиокешенде қанша адам қызмет етеді, еңбекақылары қалай? Өркениетті елдер тәжірибесіне сүйенсек, Жоғары оқу орнын тәмәмдаған студенттер диплом алғанда бірден білікті маман болып шығулары міндет. Еліміздің байырғы университеті бұл бағытта қаншалықты алға озғанын білгіміз келеді.

Біздің ұжым шағын. Телестудия, радиостудия және фотостудияның тұрақты қызметін 10 адам ғана жүзеге асырып келеді. Бізді қынжылтатыны штаттағы қызметкерлердің еңбекақысының аздығы. Осы уақытқа дейін университет министрлікке бағынышты мемлекеттік жоғары оқу орны болғандықтан құрылымға бөлінген тиісті қаражатты ғана беріп келе жатыр. Салыстырмалы түрде алғанда қазіргі бізің алатын айлық өзге жекеменшік жоғары оқу орнындағы медиа студиялардың қызметкерлері алатын еңбекақыдан әлдеқайда аз. Қазіргі кезде біздің ҚазҰУ да Ұлттық акционерлік қоғамға өтіп жатыр. Алдағы уақытта барлық қызмет түрлері қайта қаралатындықтан, осы сәтте еңбекақының көлемі де артады деп сенеміз. Себебі бүкіл әлем онлайнға, визуалды қызметке көшкен соң, біздің саланың жұмысы да көбейді. Халықаралық, республикалық деңгейдегі түрлі шаралар қазір қашықтан онлайн форматында ұйымдастырылатын болды. Оған түрлі видеоконтенттер дайындау жүгі біздерге артылып отыр.

Әрбір жаңа оқу жылының басында М.К. Барманқұлов атындағы телестудияға және «Әл-Фараби» радиосына қажетті жүргізуші-дикторларды арнайы кастинг ұйымдастырып, ниет білдірген жастардың қайсысының қай салаға икемі бар екендігін анықтап, соған сай іріктеу жүргізіп, штаттан тыс қызметкер ретінде аламыз. Осы ретте декан Сағатбек Медеубекұлы бастаған Журналистика факультетінің ұжымына, оқытушы-профессорлық құрамға ерекше ілтипатымды жеткізгім келеді.

Мысалы фильмдердің дубляж жұмысына негізінен дауыстары сай келетін өзіміздің азаматтар, университеттің студенттері мен ұстаздары таңдап алынады. Біздің жобаларға атсалысқан оқытушыларға мотивация болсын деп, оқу жылының аяғында үздік ұстаздарға индикативтік көрсеткіштерін арттыру үшін университет басшылығына арнайы ұсыныс енгіземіз.

Ал біздің бағдарламаларға атсалысып қана қоймай, өз жобаларын да ұсынып, оны тұрақты жүргізген өте белсенді студенттерге жыл соңында Ректордың атынан Алғыс хаттар табыстап келеміз. Ал, дубляжға қатысқан адамдарға да Алғыс хаттар мен қатар, шағын гонорарлар беріліп отырады.

Жалпы алғанда 1972 жылдан бері жарты ғасырға жуық тарихы бар біздің кешенді, бұрын да, қазір де білім беру үдерісіне атсалып келе жатқан, тәжірибелік жұмыстарды үйлестіретін орталық десек те болады. Бастауында профессор Барманқұлов тұрған ҚазҰУ Телерадиокешенінің тарихы отандық телерадиожурналистиканың даму тарихымен және университет тарихымен тығыз байланысты.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстандағы телевизиялық және радиожурналистиканың негізін қалаушы Марат Кәрібайұлы Барманқұловты бүгінгі жас буынның аса біле бермейтіні өкінтеді.

М.К. Барманқұлов соңынан журналистердің жаңа толқынын ерте отырып, «Зерде» атты студенттік радионың жұмысын жолға қойды. Кейіннен ол «Сана» телерадиостудиясына айналды. 2001 жылы телестудияға М.К. Барманқұловтың есімі берілді. Мұнда алғашында тек журфак студенттері ғана дайындалып, тәжірибе жүргізген болса қазір университеттің кез келген студенті, магистранты мен докторанты келіп, кешеннің көмегімен өз жобасын жүзеге асыра алады.

Кешен баяғыда тек университет кампусы аясында кабелдік желі арқылы ғана хабар таратқан болса, қазір заманға сай интернет кеңістігін бағындыруды қолға алып, 2016 жылы AlFarabiTV атты ютуб арнасы мен AlFarabiFM онлайн радиосын аштық.

Алдағы уақытта біздің кешенімізді одан әрі дамытып, кәсіби телеарналардың жобаларын жүзеге асыру үшін аутсорсингке қатысуды да көздеп отырмыз. Ол енді алдағы күннің еншісінде.


- Дәурен мырза, қазіргі көрермен телеарнадан гөрі интернетті көп қарайтын болған. Әсіресе жастар жағы осыған бейім. Осы орайда Сіздер уақыт тадабына сай ұстанған іс-әрекет пен жүзеге асқан пайдалы тәжірибелеріңізді ортаға салып бөлісе отырсаңыздар.?

Бүгінде көрерменнің көпшілігі интернетке ауып бара жатқаны жасырын емес. Бірақ, қанша дегенмен де дәстүрлі телевизия да қоса жүре береді деген ойдамын. Ал интернетке келетін болсақ, әңгіме барысында айтқандай біздің AlFarabiTV ютуб арнамыз бар, оның бағыты ақпараттық-танымдық бағыт. Кейбір «хайп қуған» арналар сияқты біз мұнда бейәдеп дүниелерді жүктемейміз. Бірақ соған қарамастан ютуб арнамыздың көрермендері мен жазылушылар саны күн сайын артып келе жатқаны қуантады. Дәл қазіргі уақытты біздің ютубтағы парақшамыздың жазылушылар саны 17000-ға жуықтады. Біздің ютуб арна салыстырмалы түрде алғанда еліміздегі және ТМД-ның өзге елдеріндегі негізгі жоғары оқу орындарының ютуб арналары арасындағы жазылушылары ең көп ресми арна. Біз бұл рейтингті үнемі бақылап отырамыз.

Интернеттен видео қараудың бір артықшылығы қалаған дүниеңді өзіңе қолайлы уақытта асықпай қарауға болады. Ол бір. Екіншіден интернетте тек көріп қана қоймай, көңіліңізден шықса, оның астына пікір қалдырып, ол видеоны әлеуметтік желілерде бөлісуге де мүмкіндік бар.

Бүгінгі әңгімеміздің өзегі Әл-Фараби бейнесі болған соң, тек осы тұлғаға қатысты ақпаратты ғана айтайын. AlFarabiTV ютуб арнасында #ALFARABI1150 плейлист ашып, оған бүгінде 100-ден астам видеоконтент орналастырдық. Оның ішінде 85-і өзіміздің өнім: 35 бейнеролик; 34 сюжет; 6 бейнефильм; 4 деректі фильм; 2 видеолекция; 2 телебағдарлама; 2 бейнеклип. Сонымен қатар, өзге де авторлардың рұқсатымен 17 бейнеконтент орналастырылған. Оның ішінде: Әл-Фараби жылының салтанатты ашылуының тікелей эфирдегі жазбасы (телевизиялық нұсқа); 4 деректі фильм; 4 бейнефильм; 6 сюжет және 2 анимациялық фильм бар.

Бұл мәліметтерді келтіріп отырған себебім, интернеттің арқасында белгілі бір тақырыптағы және түрлі жанрдағы контентті әр жерден шарқ ұрып іздеп отырмай, бір плейлист арқылы бір-ақ жерден қарап көруге болады. Қажет болса бұл бейнеконентті арнайы бағдарламалар арқылы өзіңе көшіріп алуға да болады. Тиімділігі осында жатыр.

- Көпсалалы кешеннің жұмысын жемісті жүргізу үшін заман талабына сай білім мен қатар қандай біліктілік болуы керек? Сонымен қатар, білейік дегеніміз осы медиадизайн саласында қазақ тілінде оқулықтар, оқу құралдары бар ма?

Телерадиокешенде жұмыс істеп, оны басқару үшін бір ғана білім-мамандық аздық етеді. Мұнда өмірлік тәжірибе де қажет. Себебі бізді қоршаған орта нағыз шынайы өмір. Өмірден үйрену, көрген-білгеніңді зердеге тоқу. Тоқып қана қоймай, өзің еңбек етіп жатқан кәсібіңнің сәтті шығуы үшін кәдеге жарата білу қажет. Телевизия өнерінің қыры мен сырына терең бойлау осы саладағы мамандардың басты қасиеті болуы тиіс. Телевизия қиындығы мен қызығы қатар жүретін сан қырлы, қатпарлы өнер саласы. Оның тыныс-тіршілігі өзгеше, ол аса сезімталдықты қалайды.

Заманауи медиа саласы радио, телевидение, газет-журнал, кітап, музыкалық клип және кино сынды бірнеше дәстүрлі элементтерді біріктіретіні белгілі. Ал, жаңа технологиялардың дамуымен бұл сала кеңейе түсті, оған қазіргі кезде интернет, компьютерлік ойындар, мобильді құрылғыларды да жатқызуға болады. Келешектің мамандығы осы заманауи технологиямен тығыз байланысты мамандықтар. Қазақтың жастары осы саланы көбірек меңгерсе деп ойлаймын. Осындай оймен 2016 жылдан бастап ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде жас дизайнерлерге дәріс беріп келемін.

Бүгінде зерделеп қарасақ, қазақи тәрбие алған медиа-әрлеуші суретшілер жоқтың қасы. Бұл мамандықты қазіргі тілмен айтқанда медиа-дизайнер дейді - нағыз заманауи мамандық.

Медиа-дизайнер деген кім? Осы мамандыққа кеңірек тоқтала кетсем артық болмас. Ол графика, кескіндеме, мүсін сынды дәстүрлі бейнелеу өнерінен базалық білімі бар, композиция мен перспективаны түсінетін, түс тани алатын, үш өлшемді сезіне алатын адам. Ол сонымен қатар, баспа, фото, аудио-бейне монтаж бен түрлі әсерлерді жасауға арналған Adobe Premier Pro, Audio Video Interleaved, Photoshop, After Effects, Corel DRAW, InDesign және т.б. компьютерлік бағдарламаларды меңгерген болуы тиіс. Заманауи техника мен технология көмегімен телевизия, кино және өзге де мультимедиалық туындыларды (бейне-фото және аудио өнімдер, жарнамалар, сайттар, ойындар және виртуалды әлемнің өзге де туындылары) жобалайтын және сол үдерістерді жүзеге асыратын маман.

Медиа-дизайнер БАҚ-тың атауынан бастап, ондағы әрбір ақпараттың қандай әріппен жазылатынына және қандай түспен берілетініне дейін жауапты. Медиаорта көпсалалы болғандықтан тақырыбы мен орындалу техникасы сан түрлі, сондықтан медиадизайнның профильді қатары мыналар: теледизайн, саунддизайн, web-дизайн, арт-дизайн, ланд-дизайн. Медиа-дизайнер негізінен мына бағыттар бойынша маманданады: локальді және желілік басылымдар дизайнері (білім беру, ойын-сауық, танымдық және т.б.), компьютерлік ойындар дизайнері (тек ойын-сауық үшін ғана емес, білім беру және тәрбиелеуге арналған түрлі компьютерлік ойындар), интерактивті телевизиялық бағдарламалар дизайнері.

Бір сөзбен айтқанда заманауи медиа-дизайнер – бағдарламашы және контент бойынша маман, әрі суретші, әрі психолог, әрі режиссерлікті меңгерген адам болуы керек.

Еліміз тәуелсіздік алғалы біраз оқулықтар жарық көрді. Бірақ оладың көбі орыс тілінен аударылған. Өзім осы өнер саласында 20 жылдан астам ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып келе жатқан соң, осы уақытқа дейін жалпы бейнелеу өнері саласында 30 астам ғылыми-танымдық жарияланымдарым жарық көрді. 2019 ж. «Дизайнердің көркемдік шығармашылығы» атты оқу құралы және 2020 ж. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешені – толық жабдықты медиа продакшн» атты қазақ, орыс және ағылшын тілінде анықтамалық альбом-каталог жарық көрді. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Алдағы уақытта «100 кітап» жобасы аясында жақсы кітаптар жарық көреді деп сенеміз.

Біздер көркем және деректі кино саласында ұлтжанды азамат тәрбиелеп шығу керекпіз.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар