«Ақжайық» және «Ақтөбе» футбол клубтарының директорлары қызметінен кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін «Ақжайық» және «Ақтөбе» футбол клубтарының директорлары қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Азамат Шайхы өз еркімен орнын босатуды ұйғарды.

Азамат Ерболұлы 2018 жылдан бері директор қызметін атқарып келді. Оның басшылығымен «Ақжайық» өткен жылғы маусымда премьер-лигада тоғызыншы орынға ие болды. Бұл - команда тарихындағы ең жоғары жетістіктердің бірі.

«Өз жоспарым бойынша осындай шешім қабылдадым. Басқалай себеп жоқ. «Ақжайыққа« табыс тілеймін», деді ҚазАқпарат тілшісіне Азамат Шайхы.

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық маман Ерлан Жамантаевтың «Ақтөбе» футбол клубының директоры қызметінен кеткенін команданың бас бапкері Андрей Карпович мәлім етті.

Е.Жамантаев өткен жылдың 25 мамырынан бері басшылық етті.

Өткен турда «Астананы» 4:1 есебімен ойсырата ұтқан «Ақтөбе» 23 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орында келеді. Украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын «Ақжайық» 12 ұпаймен 13-сатыда тұр, команда қатарынан жеті тур бойы жеңіске жеткен жоқ.

Келесі турда «Ақтөбе» Қарағандыда «Шахтермен», «Ақжайық» Алматыда «Қайратпен» ойнайды.


Соңғы жаңалықтар