Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанда жазасын өтеу туралы өтініш берген жоқ – Бас прокуратура

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Бас прокуратурасына Қытайда есірткі тасымалы үшін өмір бойына бас бостандығынан айрылған Ақжарқын Тұрлыбайдан жазасын туған жерінде өтеу туралы өтініш түскен жоқ. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің мәліметімізге сәйкес, бүгінде оның үкімі заңды күшіне енді. Қытай Халық Республикасымен сотталған азаматтарымызды бір-бірімізге беру туралы екіжақты келісімшарт бар. Бірінші шарты – ол өзінің соттылығын Қазақстан Республикасында өтеуге ниетті екендігі туралы жазбаша өтініш беруі тиіс. Содан кейін ҚХР прокуратурасына қазақстандықты туған жеріне эстрадициялау мүмкіндігі туралы хабарлама жібереді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, Ақжарқын Тұрлыбай Қытайда есірткі контрабандасы үшін бас бостандығынан айрылып отыр. Қазақстанда да есірткі тасымалдап, сатқаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

«Егер оның әрекеті осыған орай болса, онда меніңше, келісімшартқа сәйкес және барлық материлдар зерделенгеннен кейін оны Қазақстанда жазасын өтеу үшін экстрадциялауға толық мүмкіндік бар. Бірақ, әзірше оның тарапынан бүгінге дейін бас прокуратураға өтініш түскен жоқ. Мұнан бөлек, қоғаушылары, ҚХР-дағы консульдығымыз, Елшілігіміз бар. Осыған орай бізге ресми өтінім түсе салысымен осы бағыттағы жұмысты бастаймыз», - деді Марат Ахметжанов.

Бұған дейін хабарланғандай, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Гуанчжоу қаласының Халық сотында есірткі контрабандасы үшін айыпталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Кейіннен қорғаушы тарап сот үкіміне шағым жасады. Алайда, қосымша тергеу нәтижелері бойынша сот бастапқы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, А.Тұрлыбай осы айдың ішінде Гуандун провинциясы түрмелерінің біріне ауыстырылады.

Жақында Сыртқы істер министрлігі Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға беру рәсімін қолдану қарастырылып жатқаны туралы хабарлады.



Соңғы жаңалықтар