Ақылы жолдардан қанша қаражат түседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Биыл елдегі ақылы жолдардан 25,6 млрд теңге алым жинау көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ақылы жолдар мәселесіне тоқталды.

«Реконструкциядан өткен автожолдарды күтіп-ұстау үшін ақылы жолдар іске қосылуда. Ол шығындарды толық жабуға және республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Асқар Ұзақбайұлы, (Асқар Мамин, ҚР Үкімет басшысы – авт.) Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, наурыз айында 5,8 мың шақырым жол ақы алу жүйесі бойынша пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 25,6 млрд теңге алым жиналады деп жоспарланған. Оның 20 млрд теңгесі ақылы учаскелерді күтіп ұстауға, 5,6 млрд теңгесі инвестицияларды қайтаруға бағытталады», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, Бейбіт Атамқұлов 2024 жылдың соңына дейін 5,2 мың шақырым жолда реконструкция жұмыстары аяқталғаннан кейін, ақылы жүйе енгізілетінін атап өтті.

Еске салсақ, осы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жергілікті әкімдіктерді жол бойында көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға шақырған болатын.

Ведомство жол құрылысы маусымында битум бағасының өсуіне жол бермеу мәселесін пысықтап жатыр.



Соңғы жаңалықтар