Ақтоты Райымқұлова жалақының көтерілуі мәдениет қызметкерлеріне қалай әсер еткенін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлері жалақысының өсуі шығармашылық-өндірістік қызметтің сапасын арттырды.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50 пайызға дейін, өңірлерде 35 пайызға дейін артты. Жалпы, 34 мыңға жуық адамның жалақысы өсті. Оның ішінде республикалық деңгейде - 3 мыңға жуық адам, өңірлерде - 31 мыңнан астам. Бұл іс-шара қызметкерлердің шығармашылық-өндірістік қызметінің сапасы мен тиімділігін арттыруға әсер етті, ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық жағдайдың жақсаруына, сондай-ақ рухани өнім шығаратын қызметкерлердің шығармашылық әлеуетінің жандануына мүмкіндік берді», - деді министр.

Оның айтуынша, отандық балет тарихында алғаш рет мәдениет ұйымында балет әртісі лауазымында кәсіби қызметін тоқтатқан кезде кемінде 20 жыл кәсіби еңбек өтілі болса, онда соңғы 3 жылдағы орташа жалақының 60 пайыз мөлшерінде арнайы ай сайынғы ақшалай төлем енгізілді. Ерекше мәртебесі бар мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушық құрамының лауазымдық жалақысына 1,75 коэффициенті сақталды.

«2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы артты. Ол 2023 жылға дейін жыл сайын 25 пайызға өсетін болады», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Министрдің дерегінше, Қазақстанда әдебиет және өнер қайраткерлеріне, талантты жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы жылына 240-тан 660 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. 2020 жылы 75 мәдениет және өнер қайраткері мемлекеттік стипендия лауреаттары атанды. Мемлекет басшысы 2020 жылы Абай атындағы Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын 7 әдебиет және өнер қайраткеріне берді. Сонымен қатар 2020 жылы алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында шығармашылық одақтарды қолдауға 138,5 млн теңге бөлінді.


Соңғы жаңалықтар