Ақтоты Райымқұлова туристік салаға қандай көмек көрсетілетінін айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова экономикалық соққыны алғашқылардың бірі болып сезінген туристік компанияларға қандай көмек көрсетілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде туристік салаға біршама қолдау шаралары қолға алынуда. Мемлекет басшысы еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты жасаған арнайы мәлімдемесінде бизнес қауымдастыққа экономикалық соққы болатынын атап өткен еді. Бұл ретте туристік саланың да әжептәуір шығын көретіні белгілі. Десе де, біздің еліміз осы бір қысылтаяң шақтан кейін туристік саланың еңсе тіктеп кетуіне ықпал ету үшін шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бұрын-соңды болмаған шараларын қолға алып отыр. Нақтырақ айтсам, шағын және орта бизнес өкілдері биылғы бірінші қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылады. «Бизнестің Жол Картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында экономиканың барлық саласы үшін көмек-қаржы берілмек», - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ақтоты Райымқұлованың айтуынша Мемлекет басшысы мен Үкіметтің дәл осы бизнес өкілдеріне жасап жатқан қамқорлығын, яғни салықтан босату шарасын қонақ үй бизнесі мен туризм саласындағы кәсіпкерлерге дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалу үшін берілген мүмкіндік деп қарастырған жөн.

«Мәселеге тереңірек үңілсек, елдегі туристік саланың дамуына дәл осы туристік операторлардың қосар үлесі қомақты. Өз ақшасымен қоса әр туристен алынған қаражаттың қомақты сомасын қонақ үйлер мен әуе тасымалдаушыларына аударылады. Ал әлемде мынандай ахуал орнап, тұтастай сала тоқырап қалғанда, сол салған ақшаны кері қайтару механизмі өзге салаларға қарағанда ерекше. Олар бүгінде осы қаражатты қайтару үшін өз серіктестерімен келіссөздер жүргізуге. Ал заң тұрғысынан рәсімдерді шешуге тиісті уақыт қажет. Осыған байланысты, азаматтардан жағдайға түсінушілікпен қарауды және күте тұруды сұраймыз», - деді ол.

«Туристік қызмет туралы» Заңның 17-бабына сәйкес туристердің қаражатын туроператорлар iс жүзiнде шығарған шығындарын шегере отырып қайтарады. Болмаса туроператорлар өз тарапынан туындаған жағдайдан шығудың түрлі жолдарын ұсынады. Олардың арасында демалыс күндерін ауыстыру мүмкіндігі бар. Яғни, сапарды басқа мерзімге кейінге қалдыруға болады. Министр екі тараптың арасындағы мәселені осыған ұқсас жолдармен шешуге болатынын айтып берді.


Соңғы жаңалықтар