Ақтоты Райымқұлова «Славян базары» байқауының жеңімпазын құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халықаралық «Славян базары» байқауында бас жүлдені жеңіп алған отандасымыз, жас әнші Рухия Байдүкенді жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Рухияны жеңісімен құттықтау үшін онлайн жиналып отырмыз. Жеңіс құтты болсын! Рахмет саған. Рухия сен жас болсаң да өте таланттысың. Сен Димаштың жеңісін қайталадың, оның саған тәлімгер болған еңбегі ақталды. Әрине, бұл үлкен өнер мен кәсіби сахнаның бастауы ғана», - деді А. Райымқұлова ZOOM арқылы өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министр жерлесіміздің ел үміт ақтап, Қазақстанның атын әлемге тағы бір танымал еткенін айтты.

«Бұл Рухия қатысқан бірінші байқау емес. Бұған дейін де бірнеше өнер байқауларына қатысып, жетістіктерге жетіп жүр. Рухияның өмірбаянына қарап отырсақ, ол 2010 жылдан бері қарай түрлі байқаулардан жеңіспен оралып келеді. Жалпы өнер сүйер қауым қазақстандық қатысушыларды «Славян базары» байқауында үнемі асыға күтіп, зор құрметпен қарсы алады. Ал Рухия саған сәттілік тілейміз, алдағы уақытта басқа да әлемдік сахналардың төрінен көреміз деп сенемін. Сен ел үмітін ақтадың», - деді ол.

Бұған дейін Рухия Байдүкеннің Витебскіде өткен «Славян базары» байқауының гран-при жүлдесін жеңіп алғанын хабарлаған болатынбыз.

14 мемлекеттен келген қатысушы славян елінен шыққан композитордың туындысын славян тобына жататын тілдің бірінде оркестрдің сүйемелдеуімен орындады. Байқау нәтижесінде қазақстандық Рухия Байдүкенова Гран-при иегері атанып, «Алтын лира» мүсіншесімен бірге 20 мың АҚШ долларына ие болды.



Соңғы жаңалықтар