Ақтоты Райымқұлова Өзбекстанның Мәдениет министрімен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Ташкент қаласындағы Форумдар сарайында Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Бахтиёр Сайфуллаевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, кездесу барысында мәдениет министрлері екі ел арасындағы мәдени-рухани байланыстардың шынайы әрі жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде берік дамып отырғанын атап өтті.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы жоғары деңгейде аталып өткеніне тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы экономикалық, мәдени байланыстардың нығайып отырғанына зор баға береді. Биыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ықпал етіп отырғаны сөзсіз. Соның нәтижесінде көктемде екі ел министрлері өзара мәдени ынтымақтастық негізінде бекіткен бағдарламаға сай 220-дан астам іс-шара өтті. Ел тұрғындары мәдениет, өнер, әдебиет, ғылым, туризм саласындағы мәдени және іскерлік байланыстардың жаңа үлгісіне куә болды. Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында Ташкентте мәдени іс-шаралар әлі де өткізілуде. Оның жарқын мысалы ретінде «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының «Абай» операсын, «Мадам Баттерфляй» қойылымын сахналауы, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің «Қазақконцерт» ұжымының, Қазақстанның танымал әншілері Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісовалардың жеке концерт беруі және басқа да қазақстандық өнер ұжымдарының өнер көрсетуі дер едім. 2020 жыл әлемдік қауымдастық ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтпекші. Сонымен қатар, киелі өзбек топырағында Төле би мен Әйтеке бидің және де басқа тарихи тұлғалардың ескерткіштері бар. Бұл екі ел тарихының тамыры тереңде екендігінің жарқын мысалы. Түркі тілдес екі елдің мәдени байланыстары нығая түсетіні мені қуантады. Алдағы уақыттарда достық көпірі берік болатынына сенім зор», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Бахтиёр Сайфуллаев Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында атқарылған іс- шараларға жоғары баға берді.

«Өзбекстанның кино күндері Қазақстанның бірқатар қалаларында, атап айтсақ, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылордада, Түркістанда зор қошеметпен өтті. Қазіргі таңда Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы көптеген мектептерде домбыра сыныбы ашылған. Онда қазақ диаспорасының мектеп оқушыларымен қоса жергілікті ұлт өкілдері де дәріс алуда. Сонымен бірге, Өзбекстанның мәдениет, өнер, театр, эстрада майталмандарын Қазақстан жұртшылығы зор құрметпен қарсы алғанына шынайы алғысымды жеткіземін. Көктемдегі кездесуде қабылданған іс-шаралар жоспарындағы 85 баптың барлығы, нақтылай кетсем бұл 220 іс-шара жоғары деңгейде атқарылды. Мұның өзі тамыры бір туыс елдің бір-біріне құшағы ашық, көңілі ақ, пейілі дархан екендігінің айғағы. Мәдениет саласындағы ынтымақтастық екі ел президенттерінің кездесуі аясында алдағы уақытта да жүзеге асатынына сенімдімін. Қазақстанда биыл Жастар жылы аясында, Сіздің министрліктің ұйымдастыруымен күні кеше ғана АҚШ төрінде Димаш Құдайбергеннің тамаша концерті өтті, құтты болсын айтамын», - деді Бахтиёр Сайфуллаев.

Еске сала кетейік, ертең Ташкентте Қазақстан жылының ресми жабылуы өтеді. Сол күні Ақтоты Райымқұлова Ташкентте тау шыңғысы курортының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, туризм саласы бойынша бірлескен меморандумға қол қояды. Ал кешкісін екі ел мәдениет министрі Форумдар сарайында өтетін Қазақстанның Өзбекстандағы жылының ресми жабылу салтанатына қатысады.

Соңғы жаңалықтар