Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды Домбыра күнімен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті отандастар, сіздерді шілденің бірінші жексенбісі - Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын! Домбыра - халқымыздың киесіне айналған қасиетті аспап. Ұлы Дала төсін мекен еткен халқымызбен бірге жасап келе жатқан - көнекөз шежіре. Осынау тыңдарманды жігерлендіретін төкпе жəне шертпе күйлерімен ғасырлар қойнауынан сыр шертіп келе жатқан қазынаға қазақ үкі тағып, лайым төрден орын береді. 2018 жылы 12 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлы мұрамызды ұлықтау мақсатында шілденің бірінші жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» деп белгілеген еді. Былтыр бұл мерекені жоғары деңгейде атап өттік. Ал биыл əлемдік коронавирус пандемиясына байланысты карантин шектеулері енгізіліп, торқалы тойды дүйім жұрт үйінде атап өтуге мəжбүр», - деп жазды министр Instagram парақшасында.

Дегенмен ол бұл күннің бізге берері ұлттық өнеріміздің мəн-маңызын жете түсіну, құлаққа жағымды, жүрекке жақын ойлы дыбыспен жеткен халқымыздың ақыл-ойы, көңіл күйін сезіну екендігін баса айтты.

«Бүгінде қастерлі аспап симфония мен операға әр беріп, классикалық өнердің ажырамас бөлшегіне айналып келе жатқаны қуантады. Құрметті қазақстандықтар, əр шаңырақта күмбір-күмбір күй тартылып, берекелі басқосулар көп болсын!», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтағанын хабарлаған едік.

Естеріңізге сала кетейік , жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісіне дөп келетін, ұлттық аспабымызды ұлықтауға арналған бұл мереке ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2018 жылдан бері елімізде кеңінен аталып өтеді.



Соңғы жаңалықтар