Ақтөбенің бас полицейі мен ұстазы ата-аналарға үндеу жолдады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 5 және 6 жастағы балалардың өлімінен соң облыстың бас полицейі мен ұстазы ата-аналарға үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі баланың өлімінен соң облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов барынша сақ болуға, балаларды үнемі бақылауды шақырды.

«Өзен жағасына барған кезде ата-ана баласын мұқият бақылауы керек. Әсіресе жазда табиғат аясында демалып, бос уақытын сол жерде өткізетіндер сақтық шарасын естен шығармауы тиіс. Балалардың бәрі табиғи және жасанды су айдындарында өзін-өзі ұстау ережесін жетік білуі үшін үнемі түсіндіру жұмысын жүргізуді сұраймыз. Осы арқылы Сіз балаларыңызға су айдындарында болатын қайғылы жағдайлар туралы ескертесіз», - деді облыстық ПД бастығы Атығай Арыстанов.

Сондай-ақ облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан мұғалімдерге тапсырма берді.

«Екі шаңырақтың көз қуанышы қас-қағым сәтте бұл дүниеден ғайып болды. Өте өкінішті. Ата-аналарына қайғырып көңіл айтамын. Осы орайда барлық әріптесіме мектепке оралған шәкірттерімізбен, балабақшадағы тәрбиеленушілермен қауіпсіздік, әсіресе, от, су және жолда жүру ережесін тұсіндіруді қайта пысықтауды тапсырамын. Жазғы мектептегі әр сабақтың алдында осындай шара өткізуіміз керек», - деп жазды Жолдас Батырхан.

Еске салсақ, Ақтөбе қаласындағы Жаман Қарғалы өзеніне екі кішкене бала батып кетті.


Соңғы жаңалықтар