Ақтөбелік зейнеткер ауылдастарына масканы тегін тігіп берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік зейнеткер Жамиға Самигулина анасынан қалған тігін машинасымен ауылдастарына тегін маска тігіп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұғалжар ауданы, Талдысай ауылының тұрғындары Жамиға Самигулинаны жақсы таниды. 40 жылға жуық уақыт бойы ауылдағы мектепте еңбек пәнінен сабақ берген зейнеткер қазір үйінде тапсырыс қабылдайды. Туған-туыстарына қыз жасауын да дайындап берген. Ал індет өршіген шақта ауылдастарына масканы тегін тігіп берді.

«Мектеп бітірген соң нағашым Ақтөбе қаласындағы тігін фабирикасына жұмысқа орналастырды. Сол кәсіпорында үш жыл бойы еңбек еттім. Кейін отбасылық жағдайға байланысты ауылға оралып, Мұғалжар ауданы, Талдысай орта мектебінде еңбек пәнінен сабақ бердім. 40 жылға жуық уақыт жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым. Содан бері үйдемін. Қолымнан іс келетінін білетін ауыл тұрғындары, туыстарым тапсырыс береді. Індет өршіген кезде волонтер болып кеттім. Балабақша меңгерушісі мата әкелді, оларға тегін тігіп бердім. Ауыл тұрғындары да өтініш айтты. Ешкімді кері қайтарған емеспін. Барлығы 200-ден астам маска тігілді», - деді зейнеткер волонтер.


Жамиға Самигулина үшін алдындағы тігін машинасы анасының көзіндей. Шаң басып жатқан жерінен үйіне әкеліп, кәдеге жаратып отыр. Жарты ғасырдан асса да еш міні жоқ.

«Еңбек адамды өрге жетелейді. Үйде балалардың тамағын дайындап, мал қарауға шығамын. Кешкілік бәрі үйге жиналады, теледидар қосылады. Сол кезде де бос отырмаймын. Бос отыру текке кеткен өмір секілді көрінеді. )азір өзімнің немерелерім тігуді үйретуді сұрайды. Оларды да еңбекке баулып жүрмін», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар