Ақтөбелік педагог жаңа заң жобасы аясында біліктілік курстарының тегін болуын сұрады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбедегі №34 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Ақтоты Қоңыратбаева «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына өз ұсыныстарын берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық жұмыстарға тартылып, өз жұмысына уақыт таппай қалып жүрген ұстаздарға жаңа заң қабылдауды тапсырды. Кейін Білім және ғылым министрлігі заңды талқылауға, ұсыныстар беруге шақырды.
Ақтөбелік мұғалім Ақтоты Қоңыратбаева аталмыш құжатқа қатысты бірнеше ұсынысын берді.

«Мұғалім мәртебесін көтеретін өзіміз екенін түсініп, әлеуметтік желілерде және ресми сайттарда жарияланған заң жобасына біздің мектеп мұғалімдері де өз ұсыныстарын жіберді. Қазіргі таңда әзірленген заң жобасындағы нормалармен 15 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім ретінде мен келісемін. Бала тәрбиесімен айналысу жауапты іс болғандықтан мұғалімдерді қорғайтын және ынталандыратын заң бізге өте қажет еді», - деді ұстаз Ақтоты Қоңыратбаева.

Педагог ұстаздардың әлеуметтік мәселесін шешуді де ұсынды.

«Мектепке жас мұғалімдерді тарту мақсатында оларды баспанамен қамтамасыз ету, жатақханадан бөлме беру, пайыздық үстемеақысы төмен несие беріп, пәтер алуына септік ету қажет деп есептеймін. Мұғалімнің 40 жылдық еңбек өтілі болса да ол өз білімін жетілдіріп, жаңа әдістемелерді енгізіп отыруы керек. Ол үшін инновациялық курстар көп. Тек соның бәрі ақысыз болғанын қалаймыз. Кейбір мекемелердің курстары мұғалімдердің аттестациядан өтуі кезінде жарамсыз болып жүр. Бәрі ретке келуі керек деп есептейміз. Әрі онлайн-режимде өтетін білім жетілдіру курстарын еңгізу орынды деп санаймын», - деді Ақтоты Қоңыратбаева.

Ол 30 мың бойы талмай, тынбай еңбек етіп, бала тәрбиелеген мұғалімдердің зейнетке шығу ұсынысын қолдайды. Бұл заң жобасы білікті кадрды ұстап тұруға бағытталған жұмыс.

Мұғалімінің ұсынысы:

  • Жоғары оқу орнында білім алған жылдарды педагогикалық еңбек өтіліне енгізу;
  • Педагог - зерттеуші және педагог - шебер біліктілік санатын алған мұғалімдерді 5 жыл сайын өтетін біліктілік тестінен босату; тек жетістіктері туралы папка жинаумен шектеу;
  • Мұғалімдердің тек білім беру процесіне көңіл бөлуі үшін Назарбаев зияткерлік мектебінің үлгісінде сынып жетекшісі қызметіне бөлек штат ашу;
  • Мұғалімдердің пән бойынша білімін жетілдіру курстарын ақысыз жүйеге көшіру;
  • Мұғалімдердің төл мерекесінде немесе Тәуелсіздік күні мерекесінде мұғалімдерді ынталандыру мақсатында бір айлық жалақы көлемінде сыйақы беру, марапаттауға ұсыну;
  • Педагог қызметкерлерді өз міндетінен тыс көше аралау, демалыс күндері оқушыларды жиындарға апарып, алып келу секілді көптеген жұмысқа тартпау.
Соңғы жаңалықтар