Ақтөбелік өнертапқыш тауарларын өткізе алмай жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласының тұрғыны Асқар Қалдыбаев мүгедектерге, науқастарға арналған жиһаз бен оңалту құрылғыларын жасайды. Өнертаптыш 8 патент алғанымен, тауар сатуда қиындыққа тап болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2015 жылы жаңа іс бастаған ІІІ топ мүгедегі Асқар Қалдыбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту құрылғыларын, үстелдер мен емдеу мекемелеріне қажетті жиһаздар шығара бастады. Бір өзі ыңғайлы заттардың бәріне құжат жинап, патенттеп алған. Алғашында кәсіпкер емдеу мекемелеріне тауарын таныстырып, тапсырыстар алды, кейін жұмыс мүлде жүрмей қалған.

«Кәсіпті жандандыру үшін біз несие алып, пәтерімізді кепілге қойған болатынбыз. Бірақ біздің ісіміз алға баспай, баспанамыздан айырылып қалдық. Қоймада зат дайын, сатылмайды. Өзім Ауған соғысының ардагерімін, әйелім де мүгедек. Өзге қалалардан тапсырыс болғанымен оны жеткізу қиын. Біз шығаратын тауардың бәрі мүгедектердің қимыл-қозғалысына ыңғайлы, төсек тартып жатқан науқастарға тиімді. Бірақ өзім ойлап тапқан дүниелер қазір шаң басып, қоймада жатыр», - деді Асқар Қалдыбаев.

Қазіргі кезде денсаулық сақтау мекемелері өздеріне қажетті жиһазды түгендеп жатыр. Жыл соңында үнемделген қаржы есебінен тапсырыс береді.

«Кәсіпкер медициналық жиһаз, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түрлі заттар шығарады. 2015-2019 жылдар арасында мұндай тауарды сатып алуға 37 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Кәсіпкер қолдау көрсету мақсатында бізге жолығып, ұсынысын айтты. Қазір емдеу мекемелеріне хабар беріп, олардың сұранысын зерделеп жатырмыз. Аудандық, қалалық ауруханада 1 миллион теңгенің жиһазына сұраныс бар. Үнемделген қаржы есебінен биыл аламыз. Келер жылы да тапсырыс беріледі», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Соңғы жаңалықтар