Ақтөбелік өнерпаздар медицина қызметкерлеріне ризашылығын білдірді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Халық шығармашылығы орталығының өнерпаздары індет кезінде науқастарға ем жүргізген медицина қызметкерлеріне алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы коронавирус инфекциясына қарсы күрес кезінде мыңдаған адамды өлімнен арашалап қалған ақ халаттыларға арнап «Шексіз алғыс» концертін өткізді.

Жас айтыскерлер мектебінің жетекшісі Марат Ахметов арнау айтып, «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі, «Әдеп» халықтық тобы, «Жазира» халықтық ансамблі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Бағдат Балмағамбетова, Нұргүл Рамазанова мен жас қобызшылар ансамблі халық әндерін айтып, күй тартты.

Шараға «Шағала» облыстық балалар өкпе-сүйек туберкулезінің санаторийі мен облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің қызметкерлері шақырылды.

«Адамның ең басты құндылығы - өмірі мен денсаулығы күзетінде жүрген медицина қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз. Сіздер індет тараған уақыттан бері күн демей, түн демей отбасынан жырақта, науқастардың жанында жүрсіздер. Сондықтан ел болып, көмек көрсету, алғыс айту біздің азаматтық парызымызға айналды. «Алғыс алған арымас» дегендей, әрқашан ақ халаттыларға деген құрметіміз биік болсын», - деді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.


Соңғы жаңалықтар