Ақтөбелік оқушылар жедел қызмет көрсетуге арналған мобильді қосымшаны меншіктеп алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мобильді қосымша үшін авторлық құқыққа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«DeRey» мобильді қосымшасын Әмина Тоғай, Айжан Ғұбайдолла, Ақмарал Қабиева және Дина Дәулеталина жасады. Жаңа қосымша төтенше жағдайлар қызметіне қоңырау шалуды жеделдетеді әрі дәлдікті қамтамасыз етеді. «Экранда қажетті қызметті таңдап, қоңыраудың себебін көрсету керек. Сол кезде орналасқан жері автоматты түрде анықталады немесе мекенжайды енгізуге де болады. Нәтижесінде өтініш қабылданып, көп ұзамай арнайы қызметтер көмекке келеді. Бір жыл бұрын Ақтөбеде жедел жәрдем келгенге дейін жеті жасар қыз қайтыс болған еді. Сол кезде диспетчер қоңыраудың жеделдігін қате анықтаған. Осыдан кейін бізде адам факторының қаупін мүмкіндігінше жоюға болатын қосымшаны ойлап табу идеясы пайда болды», – деді Әмина Тоғай. Жобаны құрастырушылар жұмыс барысында бұл қосымшаның сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін маңызды екенін атап өтті. «Тілі мүкіс адамдар көмек сұраған кезде оларды көбіне түсіне бермейміз. Қосымшаның көмегімен пайдаланушы мәселені өзі шеше алады», – деді Айжан Ғұбайдолла. Жоба жедел жәрдем қызметкерлеріне және пайдаланушыларға арналған екі қосымшадан, жеке веб-сайттан, сондай-ақ барлық ақпарат сақталатын мәліметтер базасынан тұрады. Зияткерлік мектептің баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдағы уақытта оқушы қыздар дененің 3D моделі мен Expert system сияқты қосымша мүмкіндіктер қосуды жоспарлап отыр. Expert system – төтенше жағдайлар қызметі келгенге дейін істеуге болатын және болмайтын нұсқаулықтар мен кеңестер жазылған жүйе. Жоба зияткерлік мектептің информатика пәні мұғалімі Асқар Бедердің жетекшілігімен жүзеге асырылуда. «Жобаны бастау үшін әртүрлі қызметтермен ынтымақтастық қажет. Қазіргі уақытта бір емханамен келісім бар», - деді жоба менеджері Асқар Бедер. Идея авторларының бірі Дина Дәулеталинаның айтуынша, олар ғаламторға кірмей, қосымшаны пайдалана алатындай арнайы мүмкіндік беретін компаниялармен жұмыс істеуді мақсат етіп отыр.

Соңғы жаңалықтар