Ақтөбеге CoronaVac вакцинасының 22 мың дозасы жеткізілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Бүгінде 60 мыңға жуық ақтөбелік коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның екі компонентін де қабылдады. Өңірге тағы 22 мың доза CoronaVac вакцинасы жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір тәулікте өңірде тағы 34 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 27-і симтомды. Ауырып, ем іздегендер инфекциялық стационарларға жатызылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазір барлығы 145 адам ауруханада жатыр.

Оның біреуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Сонымен бірге 13 бала коронавирус инфекциясын жұқтырса, біреуі ауруханада.

Бір жүкті келіншек те дәрігерлер бақылауына алынған.

«Ақтөбе «жасыл» аймақта болғанымен, эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Соңғы күндері сәл де болса өсім тіркелді. Тұрғындарға аурудың алдын-алу үшін вакцинаның тиімділігін тағы еске саламыз. Өкініштісі – бұл жұмыс баяу. Ауруды тоқтататын тек вакцина екенін ұмытпаған жөн. Қарапайым қорғану тәсілдерін де ұстанған дұрыс», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Өңірге 202 450 доза вакцина жеткізілді. Оның 22 мың дозасы - CoronaVac вакцинасы.

Вакцина барлық медициналық ұйымға үлестірілді.

«Бүгінге дейін 104 305 адам І-компонентпен егілді. Ал 59 758 адам екі компонентін де салдырды»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.



Соңғы жаңалықтар