Ақтөбедегі тұрақтандыру қорына 4 мың тонна азық-түлік салынды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде қыс, көктемге қажетті азық-түлік пен көкөніс тұрақтандыру қорына салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сарсембай тұрақтандыру қоры туралы баяндады.

Ақтөбе облысындағы азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына жоспарға сәйкес 1850 тонна картоп, 300 тонна пияз, 250 тонна сәбіз, 150 тонна қырыққабат салынатын болады. Ауыл шаруашылығы өнімдері жергілікті «Пригородный» ЖШС, «Болат ЛТД» ЖШС, «Еламан 2014» ЖШС жергілікті шаруа қожалықтаран сатып алынған.
«Өңірлік тұрақтандыру қоры базардағы азық-түлік бағасын реттеп, облыстағы азықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті қор жасайды. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорын қосымша азық-түлік тауарларымен толтыру мақсатында «Базарларды басқару» ЖШС мен тауар өндірушілер фьючерстік келісімшартқа қол қойды. Пандемияға байланысты жергілікті бюджеттен қосымша 300 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 90 тонна күріш, 159 тонна І-сұрыпты бидай ұны, 75 тонна қарақұмық жармасы, 80 тонна ұн өнімі, 15 тонна шай, 60 тонна күнбағыс майы, 144 тонна қант, 16,2 тонна тұз, 84 тонна ет бұқтырмасы, 36 тонна тауық еті сатып алынатын болады»,- деді Құсайын Сарсембай.
Сонымен қатар азық-түлікпен және қажет тауарлармен қамтамасыз ету үшін өңірдегі ірі сауда желілерімен 500 млн теңгеге келісім жасалды. Тұрақтандыру қорының өнімдері «Табыс» коммуналдық базарында және 22 шағын базарда, әлеуметтік дүкендер мен сауда павильондары арқылы жалпы қаладағы бағадан 10-25% төмен бағаға сатылады.


Соңғы жаңалықтар