Ақтөбеде жаңа индустриялық аймақ құрылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде жаңа индустриалық аймақ құрылады. Қазіргі кезде ауданы 450 га болатын жер учаскесі бөлінді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуандық Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде 2015 жылы «Ақтөбе» индустриялық аймағы құрылды. Жалпы ауданы 200 га болғанымен, оның 155 га түрлі өндіріс орнын салуға арналған.

«Бүгінгі күні инвесторларға 113 га (73%) жер телімі бөлініп, оның 47 га игерілді. Ал 24 га жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сәйкесінше 42 га (27%) бос күйінде қалып отыр. Индустриялық аймақтың жұмыс істеуі үшін және инвесторлармен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында басқарушы компания құрылды. 2015 жылдан бастап 28 млрд теңге сомасына 12 жоба пайдалануға беріліп, 655 жұмыс орны ашылды. Салалары: химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, логистика, дөңгелекті қайта өңдеу және қалпына келтіру, ақпараттық технологиялар», - деді Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуандық Қасымов.

Алдағы уақытта металлургия және мұнай-химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, ірі қара мал терісін өңдеу және т.б. саланы қамтитын 12 жоба іске асырылмақ. Жобаның жалпы құны 30,8 млрд теңге. Барлығы 852 жұмыс орнын құрылады.

«Ақтөбе» индустриялық аймағымен қатар, шетелдік инвесторларды тарту және жаңа өндіріс орнын құру мақсатында біз шетелдік әріптестердің қатысуымен ерекше индустриялық аймақ құру мәселесін пысықтап жатырмыз. Бүгінгі күні әкімдік ауданы 450 га болатын жер учаскесін бөлді және жобаны табысты іске асыру үшін нормативтік-құқықтық актілерге барлық қажетті өзгеріс енгізді. Осы жолмен импортты алмастырып, халықаралық жетекші компанияларды тарту, 20 мыңнан астам жұмыс орнын құру, экспорт көлемін ұлғайту міндеті алға қойылды», - деді Қуандық Қасымов.


Соңғы жаңалықтар