Ақтөбеде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс көбейді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Биыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті 79 қылмыстық істі тіркесе, оның 61-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков жыл басынан бері атқарылған іс туралы айтып берді. Аталмыш департамент 79 қылмыстық істі тіркесе, оның 61-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты.

Тергеу кезінде ауыр және аса ауыр істерді анықтауға басымдық берілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 33-тен 56-ға дейін өскен. Тіркелген істің 27-сі бюджет қаражатын жымқыру және 29-ы пара алу фактісі.

Б.Балғабековтің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда қылмыстық жауапқа тартылған адамдардың саны да өскен. Мәселен, былтыр олардың саны 31 болса, биыл көрсеткіш 43-ке жетті. Биыл 8 айда шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласу фактісі де тіркелді. Олардың жалпы саны - 4 дерек. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде жіберілген қателік те анықталды. Бұл бағытта 14 қылмыс ашылды. Ал құқық қорғау органдары мен Қорғаныс министрлігі арқылы 26 қылмыс тіркелді.

«Департамент көлеңкелі бизнесті қолдағандарды да анықтады. Бұл бағытта 22 қылмыстық іс тіркелді. Жалпы жыл басынан 36 қылмыстық іс сотқа жолданды. Келтірілген зиян 600,7 млн теңге. Оның 561,1 млн теңгесі бюджетке қайтарылды. Өтемақының үлесі 92% құрады», - деді департамент басшысы Бауыржан Балғабеков.

Баспасөз мәслихаты барысында департамент басшысы Мемлекет басшысы саясатының негізгі бағыттарының біріне тоқталды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар топтамасы нақты заңдарда көрініс тапты және тиімді алдын алу құралдары ретінде өзін дәлелдеді. Бұл ретте басшы жауапқа тартылған мемлекеттік қызметкері үшін де жазаланады. Яғни, отставка институты қарастырылған», - деді Б.Балғабеков.


Соңғы жаңалықтар