Ақтөбеде сармат жауынгерінің бұйымдары реставрацияланып жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысынан табылған сармат көсемінің қорғаны мен алтын бұйымдарды зерттеудің бірінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылдың қазан айында Темір ауданының Тасқопа ауылындағы қорымнан табылған сармат көсемінің қорғаны мен алтын бұйымдарды зерттеп, қалпына келтірудің бірінші кезеңі аяқталды. Бұл жөнінде Ә.Х. Марғұлан атындағы археологиялық институттың бас директоры Бауыржан Байтанаев Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесуінде мәлімдеді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып жатқан зерттеу жобасына 7 ғылым кандидаты, 4 ғылым докторы, 2 академик жұмылдырылған. Жобаны зерттеу 3 кезеңнен тұрады. Тарихи жәдігерлер толық зерттелген соң Ақтөбе облыстық тарихи- өлкетану музейіне тапсырылып, көпшілік назарына ұсынылмақ. Оңдасын Оразалин институт директорына зерттеудің екінші кезеңін жүйелі жалғастыруды, сармат жауынгерінің бұйымдарын реставрациялауды алдағы жылдың көктемінде аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге институт «Ақтөбе облысының киелі жерлер географиясы» ғылыми бағдарламасы аясында жеті ірі ғылыми - зерттеу жобасын іске асырып жатыр.
Еске салсақ, Тасқопа ауылында бұрын қала болған. Табылған бұйымдар бір жыл бойы зерттелді.


Соңғы жаңалықтар