Ақтөбеде резервуарға құлаған оқушы есін жинамастан көз жұмды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде жоғалып кетіп, қараусыз қалған резервуардан табылған бала ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы Жанқожа батыр көшесінде тұратын 9 жастағы бала ауладан шығып, ойнап кеткен. Кейін ата-анасы полицияға қоңырау шалған. 102 нөміріне хабарлама 31 мамыр күні сағат 23:31-де түскен. Бірден іздестіру жұмысы жүріп, бала тереңдігі 10 метр болатын резервуардан табылды. Бірақ, жағдайы өте нашар болды. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар оны резервуардан көтеріп шығарып, балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді.

«Полиция қызметкерлері кешенді іздестіру шараларын жүргізіп, баланың болуы мүмкін жерлерді қарап шықты. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторлары элеватор ғимаратын тексеріп, тереңдігі 10 метр болатын резервуардан тапты. Жағдайы өте нашар болды. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар баланы резервуардан көтеріп шығарды. Кәмелетке толмаған бала балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Ақтөбе облысы ПД ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Балаларға құрылыс алаңдары мен қараусыз қалған ғимараттар аумағында жүрудің ережесін үйрету керек. Ата-аналар балаларының қай уақытта, қай жерде жүргенін бақылауы қажет», - деген еді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Облыстық балалар ауруханасына түскен оқушының жағдайы өте ауыр болды. Ол сол күйі есін жия алмады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ем-шараға қарамастан, бала кеше сағат 22:00-де көз жұмды.


Соңғы жаңалықтар