Ақтөбеде өкпесі қабынғандарды барлық аурухана қабылдап жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде өкпенің қабынуы дертінен 18 адам көз жұмды. Қазір 22 адамның жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы тәулікте өңірде 18 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Өсім 3 пайызды құрап отыр. Көбі - Ақтөбе қаласының тұрғыны. Темір ауданында да вирус жұқтырғандар бар. Облыс бойынша індетке шалдыққандардың саны 628-ге жетті. Оның тең жартысы емделіп шыққан.

Сонымен бірге өкпенің қабылуы да дендеп барады. Түшкіріп, қызуы көтеріліп, жөтелсе алғашқы емді учаскелік дәрігер айтуы тиіс. Олармен онлайн байланысқа да шығуға болады. Ал жедел жәрдем шақырып, ауруханаға алып кетсе, онда дәрігерлер бар көмекті береді. Қазір облыста 156 жасанды тыныс алу аппараты бар. Жыл басында 55 құрылғыға тапсырыс берілген.

«Теміржол ауруханасында 300 орын дайындалғаны белгілі. Сонымен бірге Ақтөбе медицина орталығында жұмыс күшейіп, жоспарлы ем қабылдап жатқан адамдар үйлеріне шығарылды. Сөйтіп орталық ауруханада 300 кереуеттік провизорлық стационар жасақталды. Қазіргі кезде 478 адам ем қабылдап жатыр. Марат Оспанов атындағы АМУ-нің емдеу орталығы мен Қарғалы ауруханасы, жедел жәрдем ауруханасы насқастарды қабылдап жатыр», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова.

Оның айтуынша, өкпенің қабынуы дертіне барлығы 600-ден астам шалдығып, алғашқылары ем алып шыққан.

Өңірде өкпенің қабынуы дертінен 18 адам көз жұмды. Оның 8-і теміржол ауруханасында тіркелген. Көбіне егде жастағы адамдар дертінен айыға алмаған.

«Облыста тағы 22 адамның жағдайы ауыр. Оның 12-і жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», - дейді Светлана Есенаманова.

Айта кетейік, Ақтөбедегі жедел жәрдем қызметіндегі мамандардың көбі дерт жұқтырған. Қазіргі кезде 120-сы денсаулығына байланысты демалыста жүр.


Соңғы жаңалықтар