Ақтөбеде мұнай өнімдерін ұрлап, Ресейге сатқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде мұнай өнімдерін ұрлап, пара берген қылмыстық топқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында К.Сағандықов, Г.Чучаев, А.Жарылғасов, К.Сәрсенбаев және А.Шарқатовқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Оларға Қылмыстық кодекстің «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Пара беру», «Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу» баптары бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, К.Сағандықов Ақтөбеден АИ-92 бензинін сатып алып, оны Ресейге сату үшін жалған құжат жасаған. Сөйтіп Г.Чучаев, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері А.Жарылғасов, ІІМ қызметкерлері К.Сәрсенбаев және А.Шарқатовпен бірлесіп әрекет еткен. 2019 жылдың маусым-қазан айлары аралығында К.Сағандықов, Г.Чучаев, А.Жарылғасов, К.Сәрсенбаев және А.Шарқатов аса ірі көлемде мұнай өнімдерін құжатсыз тасымалдады. А.Жарылғасов, К.Сәрсенбаев және А.Шарқатов өз қызметтерін асыра пайдаланды. Сот отырысы кезінде К.Сағандықов, Г.Чучаев, А.Жарылғасов өз қылмысын ішінара мойындады. К.Сәрсенбаев және А.Шарқатов тағылған айыппен келіспеді. Сот отырысы кезінде прокурор К.Сағандықовты 20, Г.Чучаевты 8, А.Жарылғасовты 20, К.Сәрсенбаев және А.Шарқатовты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, К.Сағандықов 13, Г.Чучаев 7, А.Жарылғасов 11 жылға, ал К.Сәрсенбаев және А.Шарқатов 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге К.Сәрсенбаев және А.Шарқатов 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.


Соңғы жаңалықтар