Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай көмек беріліп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 26 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Бүгін өңірдегі басқарма басшылары оларға қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша 26 895 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 2556-сы бірінші топта. 3500-ден астамы кәмелет басқа толмаған бала. Биыл республикалық және жергілікті бюджеттен 1,8 миллиард теңге теңге бөлініп, игерілді.

«Атқарушы орган ретінде өз тарапымыздан жасалып жатқан істер аз болмағанмен, қолымыз жетпей, шешілмей жатқан мәселелер де көп. Мен тек өңір басшысы ғана емес, осы елдің азаматы ретінде сіздердің алдарыңызда қарызым көп екенін мойындаймын. Әлі де болса көптеген ғимараттарда пандустардың жетіспеуі, бар болса да олардың пайдалануға ыңғайсыздығы мені алаңдатпай қоймайды. Қоғамдық көлікті пайдаланудың қолжетімсіздігі, аялдамалардың тиісті деңгейде жабдықталмағаны да біздің кемшілігіміз. Басқасын айтпағанда әркімнің тұрып жатқан пәтерінен таза ауаға шығып серуендеуіне кедергілердің көп екені де маған жасырын емес. Сіздерге пайдалануға берілетін көптеген жабдықтардың сапасы сын көтермейтінінен де хабардармын. Дегенмен осындай қаншама кедергілерге қарамастан, сіздердің қоғамдағы болып жатқан жайттарды қалт жібермей, белсенді араласуларыңыз көңілге қуаныш ұялатады. Кейде он екі мүшесі сау адамдар салы суға кетіп, мемлекетке масыл болып отыратын жағдай болады.

Ал сіздерді араңызда тағдырдың сынына төтеп беріп қана қоймай, өзін және өз отбасын ғана емес, шаруасын дөңгелентіп қаншама адамға нәпақа тауып беріп отырған қаншама мүгедек жандар жүр. Өз тарапымнан мен өзім де сіздердің өмірлеріңіздің бояуы қанық болуына қолымнан келетін жәрдемімді жасауға шын ниетіммен ықпал жасайтынымды айтып өткім келеді», - деді мүмкіндігі шектеулі жандармен кездескен облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Биыл барлығы 220 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасып, «Бизнес Бастау» жобасы аясында 95 адамға кәсіпкерлік негіздері үйретілді. 15 адам микрокредит, 20 адам грант ұтып алды. 600-ден астам адамға инватакси қызметі көрсетілді.

Кәсіп бастаудың өз қиындығы бар

«Бизнестің жол картасы - 2020», «Еңбек» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы Ақтөбе облысында да іске асырылып жатыр. Бағдарлама аясында мүмкіндігі шектеулі жандар да кәсіпкерлік негіздерін біліп, өз ісін бастай алады. Мәселен, 2015-2019 жылдар арасында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасымен 17 мүмкіндігі шектеулі жанға 26,9 миллион теңге грант берілді. Биыл осы бағдарлама бойынша 61 миллион теңгені құрайтын 33 грант берілсе, оның бесеуі мүмкіндігі шектеулі жан. Мәселен, Ойыл ауданынан «Мархабат» жеке кәсіпкері қолдан қуыршақ тоқумен шұғалданады. Оған 700 мың теңге бөлінді. Ал Мәртөк ауданынан «Шаңырақ» жеке кәсіпкері ағаш цехын ашуға 1,5 миллион теңге алды. «Литвинов» жеке кәсіпкеріне цифрлық кинотеатр ашуға 2 миллион 670 мың теңге берілді. Хромтау ауданында құрылысқа қажетті тор цехы ашылса, «Пандус ОК» жеке кәсіпкерлігінің иесі Шахан Жолдасбаев металл бұйымдарын жасайтын өндірісті іске қосуға 2 миллион теңге алды.

«2014 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіпкерлікке бейімдеуге тапсырма берілген кезде бізге жаңа мүмкіндіктер ашылды. Хромтау ауданында 10 сотық жер 5 жылға жалға берілді. 2017 жылы көлік жуу орнын ашып, төрт адамды жұмыспен қамтып отырмын. Олардың біреуі үшінші топ мүгедегі. Шағын кәсіпті бастау қиын еді. Несие де бермеді, субсидия да болмады. Әлі де инфрақұрылымды жеткізуде кедергілер бар», - деді кәсіпкер Дастан Ниязов. Кәсіпкерлер банктердің несие алу қиындығын айтты. Яғни, олардың арбада отырғаны да несие алып, іс бастауға кедергі келтіреді.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға спорт кешені салынады

Ақтөбедегі жаңа құрылыстардың бәрі мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болады. Құрылыс басқармасы барлық жаңа жобаға пандус салуды міндеттеді. Сонымен қатар мүгедектер үшін арнайы спорт кешені салынады.

«Батыс-2 ауданында жаңа спорт кешені салынады. Қазір жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Сонымен қатар желтоқсанда ат спорты мектебі жанында иппотерапия манежінің құрылысы аяқталады. Мүмкіндігі шектеулі балалар атқа мініп, ем ала алады», - деді облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Иманалин.

Айта кетейік. Ақтөбеде 800-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан 23 түрлі спортпен шұғылданады. Тек Азия біріншілігінде емес, Әлем біріншілігінде жүлделі орын алып жүр. Ал Қазақстан құрамасына 38 спортшы енген.

«Қазір 36 спортшы арнайы стипендия алып отыр. Бұл үлкен күш-жігер береді. Егер мүмкіндігі шектеулі жандарға спорт кешені салынса, алдағы уақытта паралимпиада ойындарынан жүлде аларымыз хақ», - деді облыстық спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров.

Әр емдеу орнында оңалту кабинеті ашылады

Мүгедектіктің алдын алу мақсатында елімізде скрининг жүргізіледі. Ақтөбе облысында да бұл іс атқарылып келеді. Мәселен, «Дару» оңалту орталығы үш жылдан бері жұмыс істеп тұр. Биыл «Аяла» оңалту орталығы ашылды. Мұнда аудан балалар үшін жағдай жасалып, 30 кереуетті стационар ашылды.

«Қазан айында жұмысын бастап кетті. Келер жылы барлық емдеу мекемесінде, амбулаторлық емдеу орындарында да арнайы кабинеттер ашылады. Онда оңалту шарасы жүргізіледі. Бұл Президент тапсырмасы еді», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Балаларға арналған театр ашылады

Ақтөбеде «Алақай» қуыршақ театры жанынан мүмкіндігі шектеулі жасөспірім балаларға арналған Бала театры ашылады.

«Қыркүйекте зағып жандармен кездесу өткізген болатынбыз. Сол кезде көптеген сын айтылды, өтініштер болды. Қазіргі кезде олар жөндеу жүргізілген, құрылысы жақсы кітапханамен қамтамасыз етілді. Мәдени ныдардарға кіру кезінде кедергі болмас үшін бәріне пандус саламыз», - облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев. Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жастар мен өнер жұлдыздары бірігіп, «Екі жұлдыз» өнер байқауын өткізеді. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер мен әншілер бар. Мәселен, Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева да өз келісімін берген.

Балалар үшін инклюзивті білім беріледі

Облыста мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Қазіргі кезде оқуға қабілетті 6370 бала болса, 14 колледж бен 111 балабақша, 278 мектепте инклюзивті білім алуға жағдай жасалды. Өткен жылы тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі балаларды ерте жастан қолдау мақсатында арнайы түзету балабақшасы қолданысқа берілді. Мұнда Даун, аутизм синдромымен, тірек-қиымылы, тіл мүкістігімен туған 200-ден астам бала тәрбиеленіп жатыр.

«Осы санаттағы балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Күншуақ» лагері ашылып, жұмыс істеп тұр. Биыл 600-ден астам бала лагерьде демалды. «Дара» және «Болашақ» корпоративтік қорларының көмегімен Ақтөбе қаласындағы төрт мектепте арнайы инклюзивтік ресурстық орталық жұмыс істеп тұр. Ата-аналарға кеңес беру, балаларға релаксация, педагогтардың балалармен жеке жұмысы қамтылған», - деп хабарлады облыстық білім басқармасы.

Соңғы жаңалықтар