Ақтөбеде мемлекеттік қызметкерлер арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесі қарсаңында Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облысының мемлекеттік қызметкерлері арасында тоғызқұмалақ ойынынан онлайн-турнир өтті.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметінің деректері бойынша, турнирдің мақсаты мемлекеттік қызмет саласында ұлттық зияткерлік ойынымызды дамытып, танымал ету.

Бүгінде мемлекеттік қызметкерлер арасында аталған ұлттық спорт түрінен сайыс ұйымдастыру үрдіске айналған. Бұл жолы турнир Ақтөбе облысының зияткерлік тоғызқұмалақ қауымдастығы мен дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесе ұйымдастырылды.

Турнирге әр өңірден 3 ер және 3 әйел адам жалпы саны 24 мемлекеттік қызметкер қатысты. Онлайн-турнир наурыз айының 18 күні өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында Атырау облысынан Асқар Ақтаев жеңсе, әйелдер арасында Ақнұр Аязбайқызы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Тәттімбет Дауылбаев (Атырау облысы) мен Салтанат Елубаева (БҚО) бөліссе, жүлделі үшінші орын Ерлан Алтыбаев (Ақтөбе облысы) пен Айдана Қадырғалиеваға (БҚО) бұйырды. Жалпы командалық есепте Атырау облысының қызметкерлері үздік атанды.

Жеңімпаздар Тоғызқұмалақ қауымдастығы Президентінің дипломымен, медальдармен және командалық кубоктармен марапатталды.
Тәуелсіздік алғаннан бері тоғызқұмалақ ойыны кеңінен таралуда.

Турнир жеңімпазы А.Ақтаевтың айтуынша, тоғызқұмалақ ойыны логикалық ойлау қабілетін шығдап, табандылықпен қатар, мемлекеттік қызметте қолданылатын басқа да негізгі қасиеттерді дамытуға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар