Ақтөбеде құмды заңсыз алған компанияларға айыппұл салынды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде құмды заңсыз алған компанияларға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексі бойынша пайдалы қазбаларды кәсіпкерлік мақсатта өндіру үшін лицензия алуы тиіс. Қобда ауданының прокуратурасы тексеру жүргізіп, бірнеше заңсыздықты анықтады.

«Қобда ауданы, Ақырап ауылынан 6 шақырым және Қобда ауылынан 16 шақырым жерде «КТП» ЖШС мен «Бабэк құрылыс» ЖШС рұқсатсыз жұмыс істеген. Серіктестіктер қиыршық тас пен және құм алған. Аудан прокуратурасы Ақтөбе облысы бойынша экология департаментіне заңдылықты жою туралы ұсыну енгізді. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі бойынша «КТП» ЖШС 250 АЕК, яғни, 600 мың теңгеден астам айыппұл төледі. Қоршаған ортаға келтірген зиян 1 миллион теңге шамасында», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, «Бабэк құрылыс» ЖШС пайдалы қазбаны заңсыз пайдаланғаны үшін 7 млн теңгеден астам айыппұл төледі.


Соңғы жаңалықтар