Ақтөбеде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қалай сақталады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы бойынша 216 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші, ал 124 мыңнан астамы екі компонентін қабылдады. Вакцинация пунктінің қызметкерлері вакцинаның қалай сақталатынын арнайы көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спутник-V вакцинасы тек мұздатқышта сақталады

«СҚ-Формация» ЖШС-не түскен вакцина кейін Ақтөбе медицина орталығы, облыстық балалар ауруханасында орналасқан вакцина бөлімінде сақталады. Мұнда тоңазытқыштар мен мұздатқыштар қатар-қатар орналасқан. Бала өмірге келген күннен бастап берілетін екпелер бөлек, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина бөлек сақталады. Әсіресе Спутник-V вакцинасын сақтауда ерекше ереже орнатылған.

«Біз қала мен аудан, ауылға вакцинаны осы жерден жөнелтеміз. Олар алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасына барады, құжатқа мөр басып, вакцинаның дозасын нақты көрсетеді. Сол рұқсат құжатына сәйкес медцина қызметкеріне санап береміз. Аудан қызметкерлерінің арнайы көлігі бар. Тасымалдауға арналған контейнер ішіндегі температураны тексеріп, талапқа сай береміз», - вакцина бөлімінің қызметкері Эльвира Сәрсенова.

Вакцина бөліміне вакцина биыл 31- қаңтардан бастап жеткізілді. Қазіргі кезде 5 мұздатқыш жұмыс істеп тұр. Мұндағы температураы -20°C немесе -22°C болуы тиіс.

«Біз бар болғаны екі адам еңбек етеміз. Сенбі-жексенбі демалыс. Қаладағы емханалар мен аудандық емханалар күні бұрын алып кетеді. Бұл жердің есігі темір. Ал жарық сөніп қалса, екі секундта қайта жанады», - деді Эльвира Сәрсенова.

Вакцина сақталатын мұздатқышты қайта-қайта ашуға болмайды

Ақтөбе қаласындағы №6 емханада 38 мыңнан астам адам тіркелген. Оның 27 мыңнан астамы жасы 18-ден асқан тұрғын. Демек осы құрам вакцина қабылдай алады. Арасында медициналық қарсы көрсеткіші бар адамдар да бар. Мұнда жұмыс күндері 8:00-20:00, ал сенбі-жексенбіде 9:00-20:00 аралығында вакцина салдырушыларды қабылдайды. Дәрігер, медбике, вакцина салатын арнайы мамандар еңбек етеді.

«Hayat-Vax, CoronaVac вакциналары бөлек сақталады. Ал Спутник-V вакцинасын сақтауға екі мұздатқыш сатып алынды. Егер жарық сөнсе, күзет қызметі қоңырау шалады. Байланыс телефондары жазулы тұр. Емханадағы вакцина санитарлық талаппен сақталады», - деді №6 емханада аға мейірбикесі Света Ахетова.

Жарық сөнсе, қосымша қондырғы іске қосылады

Ал №3 қалалық емханада бұл жұмыс жүйесі өте сәтті ұйымдастырылған. Келген адам алдымен анықтамадағы сұрақтарға жауап беріп, кейін дәрігер қабылдауында болады. Дәрігер мен тұрғын арасындағы әңгіме өте маңызды. Созылмалы ауру, аллергия, дәрі қабылдау секілді сұрақтардан соң дене қызуы өлшеніп, сатурациясы тексеріледі. Тыныс алуын тыңдайды. Осы тізбектен соң ғана вакцина беріледі. Мұнда бірінші компонент бөлек, ал екінші компонент бөлек кабинетте беріледі.

«Hayat-Vax, CoronaVac, QazVac вакциналарының екінші дозасы сақтаулы тұр. Hayat-Vax 0+2°C температурасында сақталады. CoronaVac, QazVac вакциналары +2°C және +8°C температурасын қажет етеді. Демек Hayat-Vax вакцинасының өзін, CoronaVac, QazVac вакциналарын бірге сақтаймыз. Температура журналы жүргізіледі. Спутник-V вакцинасын -18°C-22°C температурада тасымалдау үшін арнайы құрылғы да сатып алынды. Талап бойынша мейірбике вакцина құйылған құтыны мұқият қарап шығады. Сериясын тексереді. Спутник-V вакцинасын мұздатқыштан алған кезде міндетті түрде уақыты жазылады. Екі сағат сол қалыпта тұруы тиіс. Бес адам егіледі. Егер мерзімі өтсе, жойылады», - деді №3 қалалық емхана бас дәрігерінің мейірбике ісі жөніндегі орынбасары Ағиба Мажекенова.

Бұл емханада жарық сөнген кезде мұздатқыштарға ток беретін арнайы құрылғы бар. Бұл үздіксіз ток беруге, вакцина талапқа сай сақтауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, облыс бойынша 216 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші, ал 124 мыңнан астамы екі компонентін де қабылдады. Мектеп мұғалімдері, құқық қорғаушылар түгел иммундалды.


Соңғы жаңалықтар