Ақтөбеде қазақ күресінен әлем чемпионаты мәресіне жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтөбе қаласында қазақ күресінен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстандық балуандар бес салмақта чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін әлем чемпионатында қазақстандық үш балуан сынға түсті. Олардың қатарында Қуаныш Ысқақов (66 келі), Айдос Ғалымов (74 келі) және Әбдіқасым Сахан (82 келі) боз кілемге шықты. Айта кетерлігі, үш балуанымыз да финалға жетті.

Қуаныш Ысқақов ақтық сында моңғолиялық Батзая Ерденебаярды жеңді. Ал Айдос Ғалымов грузиялық Элгуджа Барбакадзенің жауырынын жерге тигізді. Ал Әбдіқасым Сахан финалда ресейлік Арам Григорянға жол беріп қойды. Түйе балуандар сайысында өзбекстандық Мухсин Хисомидинов жеңімпаз атанды.

Естеріңізге сала кетелік, әлем чемпионатында Дәулет Ниетбай (55 келі), Нұрым Сәлімгереев (100 келі) және Руслан Әбдіразақов (100 келіден жоғары) «алтыннан» алқа тақты. Сондай-ақ, Ержан Еренқайыпов (60 келі) пен Әділжан Ыстыбаев (90 келі) қола жүлдегер болды.

Әлем чемпионатына дүниежүзінің 40-тан астам елінің спортшылары қатысты.

Олардың қатарында Украина, Грузия, Австрия, Норвегия, Эстония, Франция, Ирландия, Германия, Пәкістан, Өзбекстан, Иран, Ұлыбритания, Қырғызстан, Үндістан, Литва, Словения, Ресейден келген балуандар бар.

Балуандар 8 салмақ дәрежесінде белдесті. Чемпионатта Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Литва және Армения мемлекеттерінен 8 және елімізден 12 төреші қазылық етті.

Соңғы жаңалықтар