Ақтөбеде карантин режимін жеңілдету кейінге шегерілуі мүмкін

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде соңғы тәулікте 29 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Өсім 15 пайыздан асып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті 18 мамырдан бастап ірі базарлар мен аумағы 2 000 шаршы метр болатын сауда орындарын, мектепке дейінгі ұйымдардағы кезекші топтарды, балалардың түзету кабинеттері мен білім беру орталықтарын, үйірмелер, сұлулық салондарына жұмыс істеуге мүмкіндік бермек еді. Сонымен бірге тізімде туристік компаниялар, саябақтар, алаңдар, скверлер бар. Спортшылар мен мәдениет қызметкерлерінің жұмысқа баруына рұқсат беріп, жазғы кафелерді дайындады. Бірақ өсім 5 пайыздан асып, облыстың бас санитары карантин режимін жеңілдетуді кейінге шегеруге ұсыныс жасады.

«Біз 18 мамыр күні карантин режимін жеңілдетудің төртінші кезеңін іске қосуды жоспарлаған едік. Бірақ осы аптада өсім артып, облыс әкіміне кейінге шегеру туралы ұсыныс айтылды. Қосымша хабар береміз», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.


Соңғы жаңалықтар