Ақтөбеде карантин кезінде көмектескен волонтерлер марапатталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік волонтерлер «Biz Birgemiz» республикалық акциясы аясында 10 мыңға жуық отбасына көмек көрсеткен. Еріктілер Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан алғыс хат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара барысында Оңдасын Оразалин «Jas Otan» жастар қанаты 500-ден астам еріктіні игі істерге жұмылдырып, жалғызбасты қарияларға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға және тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға азық-түлік себетін, маскалар мен ең қажетті заттарды жеткізіп бергенін атап өтті.

Одан басқа жасотандықтар Мақтарал ауданы тұрғындарына 125 тонна қажетті заттарды жөнелтуге қол ұшын созған. Оңдасын Оразалин Тұңғыш Президент – Елбасы, Партия Төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» республикалық қоғамдық қорынан мұқтаж жандарға қолдау көрсетілгенін айтты.

Бүгінге дейін облыс қалаларының 24 мыңнан астам тұрғыны 50 000 теңгеден жалпы сомасы 1,2 млрд теңге көмек алған. Алдағы уақытта бұл көмекпен Алға, Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Қобда, Қарғалы, Мәртөк, Темір және Ойыл аудандарына қарасты 20 ауылдың 4,5 мыңға жуық тұрғынын қамту қарастырылды.

«Қоғамдық қордың көмегі аз қамтылған отабысыларға, мүгедектерге, жалпы көмекке мұқтаж адамдарға үлкен демеу болды. Ол Елбасының партияның Лидері ретінде берген тапсырмасына сәйкес істелген жұмыс. Еріктілеріміздің демалыс күндеріне қарамай, елеулі еңбек еткендерінің арқасында құны 152 млн. теңгенің азық-түлігі мұқтаж жандарға таратылды. Оның бәрін үлестірген, жеткізген өздеріңізсіздер», - деді партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы.

Осы аптаның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хаттарымен республика бойынша үш мыңдай қазақстандық марапатталады. Олардың арасында Ақтөбеден 300 ерікті мен белсенді бар.

«Маған қазақ халқының осындай қиын кезде ұйымшылдығы ұнайды. Бүгінгі тірлігіміз асар дәстүрінің жарқын көрінісі. Біз үш бойы тұрақты түрде қиындыққа тап болған отбасыларға азық түлік, медициналық маскалар тараттық. Бұл игі істі әлі де жалғастырамыз. Еңбектенуді ерте бастаған аудан жастары қиындықтан қорықпайды, тайсалмайды. Біз әрдайым Елбасының бастамасымен еліміздің гүлдену жолында еңбектенуге даярмыз», - деп Мәртөк ауданынан келген волонтер Артем Райзих өз ойымен бөлісті.


Соңғы жаңалықтар