Ақтөбеде қарақшылық шабуыл жасап, 7 млн теңгені алып кеткен күдіктілер ұсталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде серіктестіктің күзетшілерінен ақша толы сөмкені алып кеткен күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға биыл 14 ақпан күні тіркелді.

Сол күні сағат 19:00-де Мәртөк ауданының кезекші бөліміне хабарласқан адамдар Жайсаң ауылында белгісіз топтың ақша салынған сөмкені алып, Ақтөбе қаласына қарай «Daewoo Nexia» автокөлігімен кетіп қалғанын айтты.

Сол күні сағат 17:00-де төрт адам Жайсаңда орналасқан жалдамалы үйге заңсыз кірген.

Олар қару қолданып, зорлық-зомбылық көрсетіп, серіктестіктің күзетшілерін ұрып-соққан.

Қарақшылық шабуыл жасап, ақша толы сөмкені алып кетті.

Онда 7 миллион теңге ақша болған.

«Криминалдық полиция қызметкерлері екі күдіктіні бірден ұстады. Ал екеуі осы уақытқа дейін қашып жүрді. Оларға мемлекетаралық іздеу жарияланды. Бірер күн бұрын полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласында іздеу жүргізіп, қалған екеуін тапты. Қазір Ақтөбе қаласындағы уақытша ұстау изоляторында отыр», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «қарақшылық» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.



Соңғы жаңалықтар