Ақтөбеде ішімдік ішіп, телефонмен сөйлескен жүргізушілер ұсталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Автобус» республикалық жедел алдын алу шарасы кезінде Ақтөбеде 495 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазанның 10-17 аралығында «Автобус» республикалық жедел алдын-алу шарасы өткізіліп жатыр. Алғашқы төрт күнде облыс бойынша жолаушыларды тасымалдау бағытында 495 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде заңсыз тасымалдаудың төрт фактісі тіркелді.

Сонымен қатар, көлік басқару кезінде ұялы телефон қолдану бойынша 80 құқықбұзушылық, 60-тан аса маневр ережесін бұзу, 23 еңбек пен демалыс режимін, 63 жолаушылар мен жүк тасымалдау ережесін бұзу фактісі анықталды.

«Самара-Шымкент» тас жолының 838 шақырымында полицейлер ішімдік ішкен күйде айдаған автобус жүргізушісін тоқтатты. Оның салонында ешкім болмады. Жүргізушіні көлік басқару құқығынан айыру үшін іс сотқа жолданды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, жедел алдын алу шарасы аясында полиция қызметкерлері жолдағы тәртіп сақшыларының санын көбейтіп, өрескел заңбұзушылықтарды анықтау, соның ішінде заңсыз тасымалдаушылар бойынша қоғамдық және көлік инспекциясы өкілдерінен тұратын мобильді топ құрды.

Автобус жүргізушілерінде тиісті құжаттардың, соның ішінде, көші-қон басқармасы мен көліктік басқару инспекциясымен бірлесіп, жолаушыларды тасымалдау құқығына ие құжаттардың болуына, заңсыз тасымалдаушыларды, шетелдік тіркеуі бар автобустарды анықтауға назар аударылуда.

Техникалық жағдайы мен құрылымының қабылданған қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін қайта заңсыз жабдықталған автобустарды, автобус-таксилерді қолдануға тыйым салынатын шаралар қабылданды.

Сондай-ақ, жүргізушілердің жылдамдық режимін қадағалауға, басып озу, маневр жасау, қарсы жүріп өту, жаяу жүргіншілер өткелдерінің өту ережелерін және балаларды оқу орындарына тасымалдайтын автобустардың техникалық жай-күйіне ерекше көңіл бөлінеді. Полиция қызметкерлері көлік құралдарының техникалық жағдайын, автобус парктерінен шығу кезінде рейс алдындағы техникалық және медициналық тексеруден өтуін бақылауды ұйымдастырады.

Жыл басынан бері облыста қоғамдық көліктердің қатысуымен 25 жол-көлік оқиғасы болды. Көлік оқиғасы кезінде 34 адам жараланған. Жергілікті полиция басқармасы жолаушылар көлігі мекемесінің басшыларымен, инженерлік және жүргізуші құрамымен кездесу ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты – жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, қоғамдық көліктің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын анықтау, оның алдын алу.

Соңғы жаңалықтар