Ақтөбеде Ер Едігеге ескерткіш орнатылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Алтын орданың 750 жылдығына орай Ер Едігеге ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде Едіге батырға арналған көше бар. Бүгін дәл сол көшеде ескерткіш орнатылды. Кәсіпкерлер мен жергілікті меценаттар қаржы бөліп, тарихи тұлғаны ұлықтады.

«Қазақ даласының тарихы ежелден аңызға толы. Толарсақтан саз кешіп жүріп елдігімізді бекем, өрлігімізді көркем қылған бабаларымыз аз болған жоқ. Осы өлкеде де елі мен жерін қорғаған талай батырлар өтті. Бүгінде осындай батырларымызға арнап ескерткіштерді орнатып, олардың есімін ұлықтау ұрпақ алдындағы біздің аманатымыз. Бүгін күллі түркі әлемінде ардақ тұтқан Ер Едігенің есімін ұлықтау мақсатында ескерткіш орнатылды. Біздің мақсат – тарихи тұлғаны ешкімнің еншісі етпей ұрпақты тәрбиелеу, ұлтын сүюге үйрету, насихаттау», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.


Ескерткіш авторы – Жеңіс Жұбанғосов. Ал ұзақ жылдан бері осы тұлғаны зерттеп жүрген – филология ғылымдарының докторы, профессор Жұбаназар Асанның айтуынша Едіге Алтын орданы 17 жыл басқарған.

«Биыл 750 жылдыққа орай Ақтөбеде ескерткіш орнатылып жатыр. Жалпы эпостың 60-тан астам нұсқасы болып шықты. Бұл басты кейіпкердің ел сүйіктісі болғанын білдіреді. Татар, ноғай, башқұрт, өзбек секілді түркі тілдес халықта бірнеше нұсқасы айталады. Біздің мақсат – Ер Едігенің жерленген жерін табу. Атақты тарихшы Қадырғали Жалайыр «Елек өзенінің үстінде Үш бөрте бар. Сол Үш бөртенің ортаңғы бөлігінде өлді» деп жазады. Бұл Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы екені белгілі. Атыраумен шектескен жерде Едіге ойпаты бар. Едігенің жалы деген жер Байғанин ауданында. Дәл сол Байғанинде Едіге моласы да бар. Бәрі зерттеуді қажет етеді», - деді Жұбаназар Асан.


Соңғы жаңалықтар