Ақтөбеде Ер Едіге мен Исатай батыр жерленген жерді анықтау үшін зерттеу жалғасады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында Ер Едіге мен Исатай Тайманұлы жерленген жерді анықтау үшін былтыр зерттеу басталды. Биыл бұл жұмыс жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында «Рухани жаңғыру», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» бағдарламалары аясында зерттеу жалғасып жатыр. Былтыр 12 жоба іске асырылды. Барлығы да өңір тарихы үшін маңызды жоба.

«Этнографиялық зерттеу бағытында үш жоба жүзеге асырылып жатыр. Біріншісі - Доңызтаудағы қазақтың сәулет өнері мен этнографиялық ескерткіштеріне арналған жоба. Бұл жобаның басы-қасында Шоқан Уәлиханов атындағы тарих институтының бас ғылыми қызметкері Серік Әжіғали жүр. Қазір ғылыми есебі дайындалып жатыр.

Екіншіден, араб графикасымен жазылған құлпытастар. ХІХ-ХХ ғасырдың 30-ы жылдарына дейін құлыптастар араб графикалық жазуымен қойылған. Қазіргі кезде тіркеу, зерттеу нәтижесінде үлкен каталог шығару жоспарда бар. Былтыр жұмыс басталды. Үш аудан бойынша зерттеу жұмысы жүргізілді. Олар: Қарғалы, Мәртөк және Хромтау. Қазір 600-ден аса құлпытас тіркеліп, аудармалары жасалды. Үш жылда өзге аудандарды да аралап шығамыз», - деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.

Сонымен бірге Ақтөбе облысында Исатай Тайманұлы мен Ер Едігенің жерленген жерін іздеу жалғасып жатыр. Бұл күрделі әрі жауапты жұмыс. Археологтар Ақтөбенің өзіндік тәжірибесіне сүйенеді.

«Ақтөбе облысы тұлғатану бағыты бойынша мол тәжірибеге ие. Мәселен, Қобыланды батырдың жерленген жері зерттелді. Қазір Жиренқопа ауылында үлкен мемориалдық кешен бар. Әбілқайыр ханның жерленген жері 10 жылға жуық уақыт зерттелді. Осы бағытта Исатай Тайманұлы мен Ер Едігені зерттейміз. Көптеген ғалымдардың көмегі керек. Антропология, этнография, генетика ғылымдарына сүйенеміз. Алдағы уақытта жұмыс кешенді жүргізіледі. Былтыр Едіге жерленген жер деген болжаммен археологиялық қазба жүргізілді. Сүйек антропологиялық анализге тапсырылды. Осы екі жұмысқа 2021 жылы 18 млн бөлінді. Алдағы уақытта архивтік-библиографиялық зерттеу жүргізілуі тиіс. Қазір пандемия болып, Ресейдің мұрағаттарына жол жабылып қалды»,- деді Мейрам Дүйсенғали.

Тарихшылар мен зерттеушілер көп ұзамай қолда бар құжат пен қорытындыны көпшілік назарына ұсынады. Мәселен «Қазақстанның киелі жерлері» монографиясына Ақтөбеден 118 киелі орын енген. Ол туралы ақпарат үш тілде жазылып, баспадан шығарылады. Сонымен бірге «Аса көрнекті Доңызтау өңірінің ескерткіштері» атты деректі фильмнің екі бөлімі түсіріледі. Алғашқысы биыл көрерменге жол тартады.


Соңғы жаңалықтар