Ақтөбеде дәрі бағасын өсірген дәріханалар қызметін тоқтатты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Індет өршіген кезде дәрі бағасын көтерген дәріханаларға 32 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мониторинг жұмысын қорытындылады. Дәрі бағасын бақылау кезіндегі кемшіліктерді тізді. Мониторинг жүргізуге облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, Ақтөбе облысының прокуратурасы, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент, «Ақтөбе-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері қатысты.

«20-шілде мен 11-қыркүйек күні аралығында 73 әкімшілік іс қозғалып, 32 млн теңге айыппұл салынды. Көбі антибиотик құнын шекті бағадан асырып сатқан. Сол үшін де мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен 5 дәріхананың қызметі тоқтатылды. Олар: «Гиппократ», «Аққу», «Миллениум» дәріханасы. Мониторинг барысында «Гиппократ» дәріханасында Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген және қолдануға рұқсат етілмеген дәрілік заттарды ілеспе құжаттарсыз сатып алу, сақтау және сату фактісі анықталды», - деді «Ақтөбе-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев.


Айта кету керек, қазірде Ақтөбе облысында дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша жағдай тұрақталды. Суық тию кезінде халық арасында сұранысқа ие болатын антибиотиктің 5 атауына шекті баға бекітілді. Сондай-ақ, дәріханаларда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің телефон нөмірлері (телефондар: 55-75-18, 55-75-19) туралы ақпарат ілінген. Dari.kz мобильді қосымшасын жүктеп, дәрілік заттардың шекті бағасы туралы ақпаратты алуға болады.


Соңғы жаңалықтар