Ақтөбеде COVID-19-ға қарсы вакцинаны 150 мыңнан астам тұрғын қабылдауы мүмкін

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде алдымен педагог, медицина қызметкерлері мен құқық қорғаушылар COVID-19-ға қарсы вакцина қабылдайды. Әзірге нақты тізімі жасалмады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша өткен тәулікте 10 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның басым бөлігі Ақтөбе қаласының тұрғыны.

«Ақтөбе облысы «жасыл» аймақта тұр. Эпидемиологиялық ахуал бірқалыпты. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Қаңтар, ақпан айларында инфекцияның өсуі деңгейі байқалуы мүмкін. Алдымызда инфекция көп тіркелген маусым, шілде айлары да келе жатыр», - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Айта кетейік, өңірде барлығы 3763 жағдай тіркеліп, оның басым бөлігі жазылды. Қазіргі кезде барлығы 96 науқас ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 47-і инфекциялық стационарда.

«Қазіргі кезде вакцина қабылдауға ниет білдірушілер тізімі жасалмады. Себебі вакцина әлі келген жоқ. Алдымен медицина қызметкері, педагогтар мен құқық қорғаушылар қабылдайды. Бәрі ерікті түрде жүргізіледі. Шамамен облыс бойынша 150 мың адамға екпе жасауды жоспарлап отырмыз», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.


Соңғы жаңалықтар