Ақтөбеде бір топ адам шошқа фермасының жұмысына қарсы шықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде шошқа фермасының жұмысын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Алға ауданының тұрғындары бүгін шошқа фермасындағы біраз кемшілікті атады. Олар ішек-қарынды жою, өлексені залалсыздандыру жұмысы жүргізілмейтінін, көму кезінде біраз талаптың сақталмағанын айтты.

Қолқаны қабатын иіс те тұрғындардың тынышын қашырған. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин мән-жайды түсіндірді.

«Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасына сәйкес шошқа фермасына бардық. Ынталы топтан он адам, құзырлы орган өкілдері мен экология, ветеринария мамандары комиссия құрамында бар. Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий салынғанын ұмытпаған жөн. Қазір рұқсат алып жатырмыз. Бүгіннен бастап тексеру аяқталғанша шошқа союға тыйым салынды», - деді облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин.

Ал облыстық экология департаменті мұндай арыз бұрын түспегенін, бүгін ғана шағым берілгенін мәлімедеді.

«Барып, мамандар жағдаймен танысты. Бестамақ ауылы тұрғындары атынан арыз түсті. Енді тексеру басталады. Кәсіпкерге тексеретініміз туралы хабарлама бердік. Экологиялық заңдылықты бұзғаны анық көрініп тұр», - деді облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.


Соңғы жаңалықтар