Ақтөбеде бір мектепке екі мәрте «бомба қойған» адам табылмай жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде №51 мектеп-гимназиясына «жазылғыш зат қойылды» деп екі рет хабарлама таратқан адам әлі іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар айында Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназиясына «бомба қойылғаны» туралы 2 хабарлама келіп түсті.

Екі хат та электронды мекенжайға жолданған. Хабарлама жазған адамды анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шара жүргізіліп жатыр.

«Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама таратқаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабында қылмыстық жауапкершілік белгіленген. ҚР ҚК 273-бабы бойынша 14 жасқа толған жасөспірім де жауапқа тартылады», - дейді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.

Айта кетейік, осы баптың санкциясы бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылықты көздейді.

«Білім мекемелерінің оқушылары да қоңырау шалған факті кездеседі. Оқушының жасына қарамастан (оның жеке мүлкі мен табысының болмауына байланысты) келіп түскен хабарламаны тексеру жөніндегі арнайы іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты материалдық залал оның ата-анасына жүктеледі. Былтыр терроризм актісі туралы осындай 2 жалған хабарлама түсті. Қоңырау шалғандар анықталып, қылмыстық жауапқа тартылды», - дейді Атығай Арыстанов.

Еске сала кетейік, 18 қаңтарда аталған мектепке бомба қойылды деген хабарламадан соң 600-ден астам адам эвакуацияланған болатын.

26 қаңтар күні осы оқиға тағы да қайталанып, 550 адам қауіпсіз жерге шығарылды.


Соңғы жаңалықтар