Ақтөбеде балалар ауруханасынан кереует таппаған ана мен бала орындыққа түнеп шықты

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік 3 жасар баласымен бірге ауруханаға түсіп, дәліздегі орындыққа түнеп шыққан. Бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы балалар ауруханасына түсіп, ем алып жатқан сәбилер саны артқан.

Салдарынан бөлмелерде кереует босамай, кейбірі дәлізге орналастырылған.

Мұны сол жерде ем қабылдап жатқан науқастың анасы жазды.

«Екі күн бойы үш жасар баламмен ауруханада жатырмын. Орын тапшылығынан бізді және бірнеше ана мен баланы дәлізге орналастырды. Қызымда пневмония. Қызуы 39 °C дейін көтерілді. Ал мен оны қолымнан түсіріп, кереуетке жатқыза алмаймын. Себебі орын жоқ. Бір орындық берді. Кейін өзге аналардың жаны ашып, қызымның жатып, тынығуына жағдай жасады. Орындықтарын берген соң, бір-біріне қосып алдым»,-деп жазды ол.

Бұл сұраққа облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева жауап берді.

Оның хабарлауынша, ауруханаға балалар көп түсіп жатыр.

«Күз келгенде балалар суық тиіп ауырып, ауруханаға түсіп жатыр. Көбіне бронхит және бронхиолит диагнозымен түседі. Ауру 1 жасқа толмаған балалар арасында кездеседі. Қазір қалалық балалар ауруханасында адам көп. Бұл ауруханадағы соматикалық бөлімшеде 48 кереует бар. Толған соң неврология бөлімшесі де қосымша берілді. Негізі жасқа толмаған бала ауырса, асқынып кетпес үшін ауруханаға жатқызамыз. 14-қазанға қараған түні науқастарға медициналық көмек көрсетілді және дәлізге орналастырылды. Кейін арыз түсірген науқасқа кереует беріліп, палатаға орналастырылды. Ол 12-қазан күні емхананың жолдамасымен келген. ПТР сынамасы теріс. Науқас ем қабылдап жатыр»,- деді Айгүл Күштаева.


Соңғы жаңалықтар