Ақтөбеде аялдамаға арналған жер кәсіпкерлерге жалға беріледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде аялдамаға арналған жер жалға беріледі. Кәсіпкер сауда нүктесін ашып, автобус күту алаңын таза ұстауы тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» палатасында Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары кездесу өткізді. Басты сұрақ – аялдамалар салу, күтіп ұстау, қызмет көрсету. Биыл наурыз айынан бастап аялдамаларға арналған жерді жалға беру жұмысы басталады. Жеңімпаз аукцион кезінде анықталады. Қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Әлібек Серікбаевтың айтуынша, жүзден астам жаңартылған аялдама салынады. Ескі нысандардың орнына жылы, дизайны бірыңғай, қала тұрғындары үшін ыңғайлы, автобус күту орнының құрылысын жүргізу жоспарланған. Әрі мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы етіп жабдықталады, электронды табло орнатылады. Егер осы талаптар түгел орындалса, кәсіпкерге жер 20 жылға жалға беріледі.

«Кәсіпкерлер дәріхана да аша алады. Бірақ оған сұраныс болған жоқ. Дүкен немесе қоғамдық тамақтану орны етіп қайта жабдықтауға рұқсат беріледі. Ең бастысы бірыңғай сәулеттік келбетті сақтап, жалға алу шартын орындауы тиіс. Жер учаскелерін аялдама павильондары үшін беру ұсынысы Кәсіпкерлер палатасында бірнеше рет айтылды. Бұл жұмыс екі тараптың ортақ мүддесін талқылап, бір шешім шығарылған соң қолға алынды», - деді «Атамекен» ӨКП құқықтық бөлімінің бастығы Нұрлан Махамбетов.


Соңғы жаңалықтар