Ақтөбеде аудандық ауруханаларға реанимобиль берілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге 19 жедел жәрдем көлігі жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі жұқпалы аурулар, оның ішінде коронавирус инфекциясы кезінде жедел көмек көрсетуге арналған 19 реанимобильдің кілтін табыстады. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жедел жәрдем көліктері Ақтөбе қалалық емханалары мен Қобда, Алға, Мұғалжар, Ырғыз, Байғанин, Хромтау, Ойыл, Шалқар, Ембі, Темір аудандық ауруханаларына берілді.
«Халыққа көмек көрсетудің негізгі бағыттарының бірі - жедел медициналық жәрдем беру. Науқастардың өмірін арашалауға алғаш болып жедел жәрдем бригадасы барады, ал дертке шалдыққандардың тағдыры дәрігерлердің әрекеттеріне, жабдыққа, соның ішінде көлікке байланысты. Пандемия кезінде азаматтарға аянбай көмек көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіремін»,- деді Оңдасын Оразалин. 10 мың халқы бар елді мекенде 1 жедел жәрдем көлігінің болуы міндетті деп көрсетілген Денсаулық сақтау министрлігінің талабында. Ақтөбе облысында бұл шаралар белсенді жүзеге асырылып отыр. Жыл басынан бері 22 жедел-жәрдем көлігі сатып алынса, қазан айының соңына дейін тағы да 22 медициналық көлік жеткізіледі. Табыс етілген 19 көліктің іші қажетті медициналық жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Онда өкпені жасанды желдету аппаратынан бастап, дефибриллятор, электрокардиограф, монитор орнатылған.


Соңғы жаңалықтар