Ақтөбеде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші қорытындыланды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде жыл қорытындысы жасалып, экономика мен ауыл шаруашылығы, әлеуметтік саладағы жұмыс жайы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын кезінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі байқалатынын жеткізді. Облыс бойынша инфляция 107,5% құрады. Негізгі капиталға түскен инвестиция көлемі - 646,8 млрд теңге. Бюджет қаржысының 355 млрд теңгесі игерілді. Яғни, Ақтөбе облысы өңірлер арасында үшінші орында тұр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019-2020 жылдары 39 жоба жүзеге асырылды. Бұл мақсатқа 6,6 млрд теңге бөлініп, игерілді. Ал биыл тағы 32 ауылға газ, су құбыры тарлытып, жолы жөнделеді. Бюджеттен 7,7 млрд теңге қарастырылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 41,5 млрд теңгеге 300 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Барлығы 12 мың адам жұмысқа орналасты.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы республикамызда жұмыссыздық деңгейі 0,1% төмендеген жалғыз өңір. Осы жылы шағын және орта бизнеске микрокредит беру үшін 1,1 млрд теңге, инфрақұрылым үшін тағы 13,9 млрд теңге бөлінеді. «Еңбек» бағдарламасы аясында 54 248 адам қамтылып, 2 мыңдай адам мемлекет қолдауына ие болды. Ал 1 300-ден астам адам 745 млн теңгеге қайтарымсыз грант алды. Мыңға жуық адамға 4,6 млрд теңге шағын несие берілді. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8%, жастар арасындағы жұмыссыздық 2,7% құрады»,- деді Руслан Хамбаров.


Облыс әкімінің орынбасары Амангелді Бердалин ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылған жұмысты баяндады.
«Өткен жылы ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі 324,7 млн теңгені құрады. Негізгі капиталға 22,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Өсім - 110,4%. Субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен 19 млрд теңге бөлінді, соның ішінде 863 млн теңгесі мал шаруашылығы саласына тиесілі», - деді А.Бердалин.

Айта кетейік, биыл Ақтөбе қаласында және Хромтау, Мәртөк, Қарғалы аудандарында тауарлы сүт фермасы, құс фабрикасы, бордақылау алаңы, жылыжай салынады. Өндірістік кооперативтердің тиімділігін арттыру, егістік жерлерді диверсификациялау, суармалы жер көлемін ұлғайту жұмысы да жоспарланған. Жиын кезінде облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары аясында 1675 жоба мақұлданғанын жеткізді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 1108 жоба қолдауға ие болды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 122 жоба мақұлданды. Жобалардың дені агроөнеркәсіп кешені, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, білімге бағытталды.


Соңғы жаңалықтар