Ақтөбеде 8 өзеннің арнасын кеңейту жұмыс әлі тоқтап тұр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде кейбір экологиялық жоба аяқталмай қалды. Әлі күнге дейін 8 өзеннің арнасын кеңейту жұмысы тоқтап тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының экологиялық проблемаларын шешу үшін жол картасы әзірленген. 6 бағытты қамтыған жол картасында кейбір жоба іске аспай қалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл айтты.

«Жалпы құны 826 млн теңге болатын сарқынды сулар тұнбасын кәдеге жарату жобасы қолға алынған еді. Алайда бұл жұмыс көп ұзамай тоқтап қалды. Себебі «Ақтөбегазнефтестрой» ЖШС-і жабдықтардың қымбаттауына байланысты жұмысын тоқтатты. Тапсырыс беруші жосықсыз мердігер деп тану туралы істі сотқа бермек», - деді облыстық Экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.

Сонымен бірге Ақтөбе қаласында талдардың есебін жүргізу жұмысы тоқтап тұр.

«Жасыл желекті есепке алу жұмысы былтыр басталғанымен, аяқсыз қалды. Мердігер жұмысты толық орындамай, келіспеушілік туындады. Қазір сот арқылы шешіліп жатыр», - деді Нұржан Аққұл.

Жалпы облыс аумағын көгалдандыру жұмысына бес жылдық жоспар құрылған. 30 744 гектар жерге көшет егу жұмысы жүргізілуі тиіс. Қазір 910 гектары игерілді.

«Қала әкімдігі мен «Су шаруашылығын жобалау институты» ЖШС-і арасында келісім бар. Бұл құрылысы тоқтап қалған 8 өзен мәселесіне қатысты шара. Қайта жобалауға 67 миллион теңге қарастырылған. Түзетулер енгізіледі. Келісім жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Кейін қоғамдық тыңдау өткізіліп, содан соң ғана жұмыс жалғаспақ», - деді Нұржан Аққұл.

Айта кетейік, 8 өзеннің арнасын кеңейту жұмысы 2019 жылы басталды. Кейін табиғат жанашырлары қарсы шығып, жоба тоқтатылды.


Соңғы жаңалықтар