Ақтөбеде 6 адам суға кеткен соң атты полицейлер өзен жағасын күзетуге көшті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде суға түсу маусымы басталған жоқ. Қайғылы оқиғаның көбеюіне байланысты атты полицейлер күзетті күшейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында биыл 6 адам суға батып кетті. Оның үшеуі бала. Төтенше жағдайлар қызметі сақтық шарасын күшейту мақсатында бүгін атты полицейлермен бірге бақылауды күшейтті.

«Суға түсу маусымы 1 маусым күні басталады. Қазіргі кезде күн ыстық. Дегенмен судың әлі салқын екенін ұмытпаған жөн. Тұрғындар табиғат аясында демалып, шомылуды бастап кеткен. Суға түседі. Ал судың бір бөлігі жылынғанымен, өзен табаны суық. Сол кезде адам денесі құрысып қалады. Әрі ішімдік ішіп, суға түсу өте қауіпті»,- деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасым.

Бақылауды күшейткен атты полицейлердің негізгі міндеті – саяжай аумағы мен көшелерінде тәртіптің сақталуын қадағалау.

«Жыл басынан бері облыстың су айдындарында 6 адам суға батып кетті. Оның 3-і бала. Жағдайды бақылау үшін атты полиция қызметкерлері жағажайларды бақылауға шығады. Жергілікті көлдер мен өзендердің жанында 10-ға жуық патрульдеу маршруттары әзірленді. Олардың 8-і атты полицияның бақылауында болады. 16 атты полицей жұмысқа жұмылдырылды», - деді ПД ЖПҚБ бастығы Ардана Саймағамбетов.

Қызмет атқару уақыты сағат 15.00-ден 22.00-ге дейін. Олар Қарғалы және Елек өзендерінің жағасында орналасқан жағажайлар мен саяжай аумағында жүреді.


Соңғы жаңалықтар