Ақтөбе облысында «Nur otan» жұмысын жандандыру жоспары құрылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында «Nur otan» партиясы активінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шарада Елбасы-«Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүктеген тапсырмалары тыңдалды. Жиынға саяси кеңес мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат хатшылары мен фракция жетекшілері, партияның аудандық филиал төрағаларының бірініші орынбасарлары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты.

«Елордадағы кездесу барысында Елбасы партияның өңірлердегі негізгі бағыттарына тоқталды. Біріншіден, әрбір әкім мен мәслихаттардағы фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін күшейту, бөлінетін бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылау, депутаттардың жұмысын жақсарту және барлық мәслихаттардың мәртебесін нығайту жөніндегі шаралар. Сондай-ақ, Елбасы сапалы партиялық тізімді қалыптастыруды тапсырды. Ішкі партиялық іріктеу жүргізу маңызды. Сайлау алдындағы партиялық тізім бойынша әрбір мәслихатта әйелдердің үлесі 30%, жастардың қатары 20% құрауы тиіс», - деп атап өтті облыс әкімі-«Nur otan» партиясы филиалының төрағасы Оңдасын Оразалин.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағамбетова өңірде атқарылатын жұмыс барысын баяндады. Партияны қайта жандандыру бағдарламасының басым бағыттарының бірі – «Ядролық электоратты» шоғырландыру. Жуырда Мұғалжар ауданында партияның кадрлық резервіне пилоттық іріктеу жүргізілген. Осы іріктеуге үміткер ретінде қатысқан «Мұғалжар газеті» бастауыш партия тобының жетекшісі Әнуар Искарин ашықтық пен халықпен тығыз байланыстың маңызын атап өтті.

Ақтөбе облысы маслихатының хатшысы Сәния Қалдығұлова депутаттар тарапынан жасалған жұмыстарға тоқталды. Өңір басшысы партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны қайта жандандыру бағдарламасы іске қосылғанын жеткізді.

«Партиялық ішкі праймеризді түсіндіру және дайындық жұмыстарын жүргізу, тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерді, «Қазақстан - 2050» стратегиясын, «Nur Otan» партиясының қайта жандандыру жұмыстарын халыққа жеткізу қажет. Сайлауалды бағдарламаның жобасын әзірлеу, 2020-2023 жылдарға арналған бюджет қаржысының жұмсалуы да ашық болуы тиіс. Бәріне партиялық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин Жиын соңында аймақ басшысы партия қатарына қабылданған 10 азаматқа партия билетін салатанатты түрде табыстап, «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауының облыстық кезең жеңімпаздарын құттықтады. Сонымен қатар 4 партия ардагеріне алғыс хаттар тапсырды.

Соңғы жаңалықтар